АЭС салынатын аумақта жұмыс істеп жатқан мамандардың 60 пайызы қазақстандықтар

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Өткен жылы Алматы облысы Үлкен ауылының маңында алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды. Kazinform агенттігі қазір қандай жұмыстар істеліп жатқанын анықтап көрді.

АЭС
Фото: Kazinform

Агенттік сауалына жауап берген ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетовтың айтуынша, АЭС салынатын орынды анықтау үшін кемінде үш бәсекелес алаңды алдын ала зерттеу қажет. Сондықтан қазір инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталған жұмыстар шеңберінде геофизикалық зерттеулер жүргізілген. Одан бөлек 60 ұңғыма бұрғыланып, зертханалық зерттеулер үшін 1000-ға жуық топырақ пен су сынамалары алынған. Жалпы қазір гидрогеологиялық зерттеулер аяқталған.

- Дегенмен станция салыну мүмкін алаңдарды аэрометреологиялық, гидрологиялық және басқа да жағдайларын бақылаудың жылдық циклі жалғасып жатыр, - деді Әсет Махамбетов.

Бірақ ол зерттеу жұмыстары тек 3 бәсекелес алаңды ғана емес, табиғи және техногендік факторларды талдау үшін сыртқы бақылау аймағын қамтитынын атап өтті. Мұндай аймақ 30 шақырымдай болады. Онда халық тығыздығы, су ресурстары мен инфрақұрылым сынды АЭС-ке әсер етуі мүмкін сыртқы факторлар қарастырылады.

Сонымен қатар Әсет Махамбетов бірінші кезеңде АЭС-ті орналастыру ауданы таңдалып, одан кейін осы ауданның ішіндегі нақты орын белгіленетінін айтты.

АЭС салынатын аймақ қоршалды ма?

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің өкілі жобалау-іздестіру жұмыстары жүріп жатқан аймақтың барлығы қоршалмайтынын айтты. Оның сөзінше, тек жұмыс жүріп жатқан нақты кішкентай учаскелер мен ондағы техникалар ғана күзетіледі.

Ал нақты бір алаң таңдалып, құрылыс басталғанда ол жер қатаң бақылауға алынып, тәулік бойы күзетілетін, арнайы рұқсатпен ғана кіретін қауіпсіз аймаққа айналады.

- Негізгі алаңды таңдау бойынша инженерлік ізденістер аяқталғаннан кейін қоршау мен күзет ұйымдастырылады. Ядролық қондырғыларды физикалық қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес, қоршау, кіруді бақылау жүйесі және объектіні тәулік бойы күзету жұмыстарын қосатын қауіпсіздік периметрі құрылады, - деді Әсет Махамбетов.

Қанша маман жұмыс істеп жатыр?

Жобалау-іздестіру жұмыстарының қазіргі кезеңінде далалық, зертханалық және камералдық жұмыстарды жүзеге асыратын 134 маман жұмылдырылған. Олардың 50-і шетелдік маман, қалған 84 адам қазақстандық қызметкерлер.

- Отандық қызметкер үлесі 84 адам немесе жалпы санның 63%-ы, - деді АЭЖА төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы еліміздегі бірінші АЭС салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім жобасын әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде құрылысқа отандық кәсіпорындарды барынша тарту мәселесі қарастырылған.

Үкіметаралық келісім жасалған соң, бас мердігер мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС арасында келісімшарт жасалмақ. Бұл келісімшарт тараптардың негізгі міндеттемелерін, соның ішінде оқшаулауды қамтамасыз ету параметрлері мен тетіктерін рәсімдейді. Яғни, қазақстандық мамандарды АЭС құрылысы мен болашақ жұмысына тарту мәселесі құжат жүзінде бекітіледі.

АЭС мамандары қалай дайындалып жатыр?

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі АЭС салу жобаларын іске асыру аясында 2027–2031 жылдарға арналған өндірісті оқшаулауды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген. Аталған жоспар төрт негізгі бағытқа бөлінген 20 жүйелік шараны қамтиды:

I бағыт. Институционалдық және нормативтік базаны қалыптастыру;

II бағыт. Қажеттіліктерді анықтау және Қазақстан нарығын талдау;

III бағыт. Өндірістік әлеуетті дамыту;

IV бағыт. Цифрлық шешімдерді енгізу.

- Кешенді жоспарда көрсетілген мақсаттарға жету үшін елдің бүкіл өнеркәсіптік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дайындау көзделген. Осылайша белсенді құрылыс кезеңі басталған кезде Қазақстанның инфрақұрылымы мен бизнесі қажетті күш пен тәжірибе қорына ие болады, - деп түсіндірді маман.

2026 жылы атом саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыру бойынша жұмыс басталған. Атап айтқанда, атом энергетикасының басым бағыттары бойынша жыл сайын кемінде 20 грант бөлуді көздейтін «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде мамандарды нысаналы даярлау іске қосылды.

Одан бөлек отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылды дамыту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру және тәжірибеге бағдарланған оқыту тетіктерін пысықтау жүзеге асырылып жатыр.

- АЭС құрылысының ұзақ циклін ескере отырып, кадрларды кезең-кезеңімен даярлау әр кезеңдегі тиісті мамандарға деген қажеттілік пен олардың санына сай, бас мердігермен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырылуға тиіс, - дейді Әсет Махамбетов.

Алғашқы АЭС тарихы

Еске салайық, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1137 қаулысымен АЭС салынатын аудан ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы анықталды.

2025 жылы маусым айында «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде белгіленді.

2025 жылдың тамыз айында Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы ресми түрде басталды.

Кейін Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы белгілі болды. Конкурс комиссиясының қорытынды нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды.

Қазақстандағы екінші АЭС те Алматы облысында салынады. Тиісті қаулыға биыл 26 қаңтарда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.