АЭС салу арқылы жаңа құзыреттерді қалыптастырамыз - Абзал Бекен
АСТАНА. KAZINFORM – Ядролық энергетика, ядролық отын циклі және уран нарығы саласындағы сарапшы Абзал Бекен АЭС салу жобасы елімізге қандай ғылыми және технологиялық серпіліс әкелетінін айтып берді.
Абзал Бекен – Tor Altai Nuclear Consulting (TANC) компаниясының негізін қалаушысы, басқарушы серіктесі. Бұған дейін әлемдегі ең ірі уран өндіруші – ҚазАтомпром ұлттық атом компаниясында басшылық қызметтер атқарған. «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Қазіргі таңда Қазақстанның атом энергетикасы бойынша стратегиялық жобаларына, оның ішінде атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты тәуелсіз сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетіп келеді.
– Абзал мырза, Қазақстан атом электр станциясын салу мәселесі бойынша маңызды референдумға дайындалып жатыр. Дауыс беру 6 қазанға белгіленген. Қоғамда қауіпсіздік, экономика және ұзақ мерзімді әсер туралы сұрақ көп. Бұл шешім ел үшін қаншалықты стратегиялық мәнге ие?
– Бұл – ондаған жылға әсер ететін стратегиялық шешім. Мұнда бір ғана нысан салу емес, елдің энергетикалық моделін таңдау мәселесі тұр. Негізгі мақсат – базалық генерацияның тұрақтылығын қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және электр энергиясының құнын ұзақ мерзімде болжамды деңгейде ұстап тұру.
– Неге дәл қазір АЭС тақырыбы күн тәртібіне шықты?
– Электр энергиясына сұраныс өсіп келе жатыр: өнеркәсіп, урбанизация, цифрлық инфрақұрылым, дата-орталықтар. Энергожүйе тек шекті жүктемені емес, тәулік бойы тұрақты қажеттілікті өтеуі тиіс. АЭС – 24/7 жұмыс істейтін базалық қуат көзі. Ол көміртекті және баға тәуекелдерін төмендетуге көмектеседі.

– Қоғамдағы басты алаңдаушылық – қауіпсіздік. Адамдар нені дұрыс түсінуі керек?
– Эмоция мен фактіні ажырата білу маңызды. Қазіргі заманғы АЭС жобалары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай жасалады және көпдеңгейлі қорғаныс жүйесін қамтиды, оның ішінде пассивті қауіпсіздік шешімдері де бар. Қауіпсіздік – ұран емес, нақты талаптар жүйесі: технология таңдау, алаңның жарамдылығы, инженерлік тосқауылдар, тәуелсіз реттеуші орган, пайдалану мәдениеті және ашық бақылау.
– Референдум алдында қандай сұрақтар басты назарда болуы керек деп санайсыз?
– Мен төрт негізгі блокты айтар едім:
- Энергетикалық қажеттілік – сұраныс пен қуат тапшылығының болжамы.
- Жобаның экономикасы – капитал құны, тарифтік модель, өтелу мерзімі, локализация.
- Қауіпсіздік және реттеу – тәуелсіз қадағалау, МАГАТЭ стандарттары, инфрақұрылым дайындығы.
- Кадр және өнеркәсіптік база – персоналды даярлау және ұлттық құзыреттілікті қалыптастыру.
– АЭС электр энергиясынан бөлек Қазақстанға қандай пайда әкелуі мүмкін?
– Бұл жоғары технологиялық дамуға серпін береді. АЭС айналасында инженерия, құрылыс стандарттары, аспап жасау, сервистік қызмет, білім беру және ғылым сияқты құзыреттер жүйесі қалыптасады. Қазақстан үшін бұл – жаһандық ядролық саладағы рөлін күшейту мүмкіндігі: уран өндіру көшбасшысы болып қалмай, технологиялық энергетика бағытына тереңірек интеграцияға қадам жасау болып саналады.
– Қазақстан – уран өндіруден әлемдегі жетекші ел. Бұл фактор АЭС идеясын күшейте ме?
– Стратегиялық логиканы күшейтеді. Қазақстан әлемдік уран нарығында негізгі ойыншылардың бірі. Ресурстық база бар кезде ұлттық энергетикалық стратегияны кешенді түрде құруға және ядролық отын циклі бойынша құзыреттерді дамытуға мүмкіндік артады. Бірақ басты нәрсе: АЭС туралы шешім тек уранның бар-жоғына емес, елдің энергобалансына және экономикалық есепке сүйенуі тиіс.
– Референдумға дайындық кезеңінде сарапшылардың рөлі қандай?
– Негізгі рөл – кәсіби, тексерілген ақпарат беру. Сарапшылар сценарийлер мен салдарды түсіндіруі керек. Реттеу қалай құрылады, тәуекелдер қалай бағаланады, жобаның экономикасы қалай есептеледі, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға қандай талаптар қойылады? Бұл қоғамға фактіге сүйеніп шешім қабылдауға көмектеседі.
– Егер шешім қабылданып, жоба басталса, табысты жүзеге асуына не әсер етеді?
– Үш негізгі фактор шешуші болады:
- жобаны басқару сапасы (мерзім, бюджет, сапа бақылауы),
- реттеуші жүйе (тәуелсіздік, стандарттар, ашықтық),
- адам капиталы (операторлар, инженерлер, қадағалау мамандары).
Осы үш бағыт дұрыс жолға қойылса, жоба қауіпсіз әрі тұрақты болады.
– Жалпы, бұл шешім Қазақстан энергетикасының болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Бұл – ұлттық деңгейдегі шешім. Ол өнеркәсіпке, инвестицияға, экологиялық мақсаттарға және энергожүйенің тұрақтылығына тікелей ықпал етеді. Сондықтан талқылау да сапалы болуы керек: нақты цифрлармен, түсінікті критерийлермен, тәуекел мен артықшылықты ашық талдаумен.