Төрехан Сабырхан: Ағалар жолымен Қазақ бокс стилін паш ету – басты мақсатым

НИШИО.KAZINFORM — Қазақстан құрамасы араға 12 жыл салып жазғы Азия ойындарында бокстан алтын медаль жеңіп алды. Жапонияда өтіп жатқан ХХ Азия ойындарында Төрехан Сабырхан 70 келі салмақта топ жарып, ел қоржынына оныншы алтын жүлдені сыйлады.

Төрехан Сабырхан
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ақтық сында шаршы алаңда атой салған отандасымыз жекпе-жектен кейін Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, Азиаданы қортындылады.

Боксшының айтуынша, финалдық айқаста бапкерлердің тактикасы өз нәтижесін берген.

— Ақтық айқасымда бапкерлерімнің тактикасын керемет орындап шықтым. Біз елдегі дайындық барысында иорданиялық боксшыға қарсы шығатынымызды күтіп, тактикалық тұрғыдан дайын жүрдік. Өткен қателіктерімнен сабақ алып, қарсыласыма алға ұмтылмай, оны өз «қақпаныма» түсіріп отырдым. Алғашқы раундтан бастап басымдықты бермей, соңғы раундта өзімді дәлелдеу үшін шабуылды күшейттім, — деді ол.

Сабырхан сонымен қатар иорданиялық қарсыласымен финалда кездесуді күткенін, өткен Азия чемпионатындағы есесін қайтарғанын айтты.

— Қазақ жанкүйерлері менің Азия чемпионатындағы жеңілісімнен кейін қатты ренжіді. Жалпы, қарсылас осал боксшы емес. Осыған дейін Аслан Шымбергенов және Абылайхан Жүсіпов сияқты боксшылармен қолғап түйістірген, ересектер арасында тәжірибелі боксшы. Өткен айқасымда қызбалыққа салынып көп қателіктер жібердім. Сол үшін осы финалда онымен қайта жұдырықтасуды асыға күттім. Иә, осы жолы мен есемді қайтардым, — деді боксшы.

Сонымен қатар, спортшы жартылай финалдағы өзбек боксшысы туралы пікір білдірді.

— Біз бір-бірімізді жақсы білеміз, көптеген байрақты додаларда кездестік. Ол менімен құрдас. Сол себепті өмірде жақсы таныспыз. Алайда рингте аға-бауыр болмайды, барлығы тек жеңіс үшін алға ұмтылады. Жақсы жекпе-жек көрсеттік деп ойлаймын. Айқастан кейін бір-бірімізге құрмет білдіріп, құттықтадық, — деді боксшы.

Төрехан алдағы жоспарлары туралы айта келе, ағалар жолымен Қазақ бокс стилін паш ету басты мақсаты екенін жеткізді.

— Қарсыластарыма Қазақ бокс мектебі қандай екенін көрсетіп, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов ағаларым сияқты Қазақ бокс стилін паш еткім келеді, — деді ол.

Сөз соңында, Төрехан Сабырхан барлық қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс айтып, алдағы халқаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғайтынын жеткізді.

Еске салайық, Төрехан Сабырхан бүгін Жапонияда бокстан Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық боксшы Айбек Оралбай Азия ойындары финалында сынға түседі.