Ағашқа қашалған тарих: Өскемендік шебер қазақ хандары мен батырларының ағаш мүсіндерін жасайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемендік мүсінші Юрий Костанянц қазақ хандарын, батырлары мен аңыздарын ағашқа қашап жасайды. Шебердің туындылары 2014 жылы Парижде көрмеге де қойылған. Бүгінде ол балаларды ағаш ою өнеріне тегін баулып жүр.
Бұрынғы командир, қазіргі мүсінші
Юрий Костанянц 1990 жылға дейін тікұшақ командирі болып қызмет атқарған. Авиация саласынан кеткен соң ағаш ұсталығына бет бұрды. Осылайша бұрынғы хоббиін кәсіпке айналдырды.
Бүгінде оның Өскемендегі үй-музейінде Орталық Азия мен Қазақстан тарихына арналған жүзге жуық туынды қойылған.
— 1953 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында дүниеге келдім. 1976 жылы Украинаның Кременчуг қаласындағы ұшқыштар училищесін тәмамдадым. Оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Өскеменге жіберіліп, содан бері осы қалада тұрып келемін. 1990 жылы зейнетке шыққан соң, қолөнерге түпкілікті бет бұрдым. Сол жылы Санкт-Петербургте өткен халықтық қолөнер бұйымдарының Бүкілодақтық көрмесінде І орын иелендім, — дейді Юрий Костанянц.
Жалпы ағаш ою өнерімен айналысып келе жатқанына 50 жылдан асқан. Оның музейі кәдімгі көрме залына ұқсамайды. Жартылай күңгірт залда арнайы жарықпен көмкерілген тарихи бейнелер көрерменді бірнеше ғасыр бұрынғы Ұлы далаға жетелейді. Мұнда Шыңғыс хан, Жошы хан, Қайыр хан, Қасым хан секілді тарихи тұлғалар ағаш мүсін арқылы қайта тірілгендей әсер қалдырады.
Сынақтарға сағын сындырмаған
Ал екінші қабатта ерекше шахмат жиынтығы тұр. Ондағы әрбір шахмат тасы шебердің қолымен жеке-жеке жасалған бірегей туынды.
— Қазақ тарихына арналған жобалармен жиырма жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Ең ауқымды еңбектерімнің бірі — қазақ хандары мен Шыңғыс ұрпақтарына арналған композициялар топтамасы. Әр бейненің мінезін, тағдырын, тарихи салмағын ұсақ деталь арқылы жеткізуге тырыстым, — дейді шебер.
Юрий Костанянцтың туындылары 2014 жылы Парижде де көрмеге қойылған. Десе де шебердің өмір жолында түрлі қиындықтар кездескен. Ол еш уақытта сағын сындырмай, тауын шақпай, кедергілерге төтеп бере білді.
— Үй-музейім екі рет өртке оранып, көптеген туындым жойылып кетті. Соған қарамастан бәрін қайта қалпына келтіріп, жұмысымды жалғастыра бердім. Қаржылай қиындықтар да аз болмады. Бірақ адам өз ісін жақсы көрсе, алдына таудай мақсат қойса қандай сынақтар болса да төтеп бере алады екен. Бүгінде балаларды ағаш ою өнеріне тегін баулып жүрмін. Олардан мықты шеберлер шығып, менің ісімді жалғастыратындар табылса деймін. Өйткені бұл тек ағаш ою емес, тұтас тарихты, мәдениетті сақтап, оны дәріптейтін өнер, — дейді өскемендік мүсінші.
Еске салсақ, осыған дейін өскемендік әйел үйінде микрожасыл өсімдік өсіріп, табыс тауып отырғаны жайлы жазғанбыз.