Агенттік анонимді Telegram-канал әкімшілерін анықтау іс-қимылдарын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов QirSabyn Telegram-каналы әкімшілерін анықтау іс-шаралары қалай болғанын айтты.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер QirSabyn Telegram-каналы әкімшілерін ұстау кезінде Қаржылық мониторинг агенттігі қандай іс-қимылдарға қатысқанын сұрады.
- Қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық мониторинг субъектілерінен болатын барлық күдікті транзакцияларды үнемі қадағалап отырады. Ал егер күдікті транзакциялар деректері арасында кейіннен қылмыс жасауда қолданылуы мүмкін кейбір іс-қимылдарды көретін болсақ, онда біз тереңірек талдау жүргіземіз. Кейін бұл зерттеулерді қылмыстың осы түрімен айналысатын құқық қорғау органына береміз. Аталған дерек бойынша дәл осы іс-шаралар атқарылды, яғни істі кейін тиісті бап бойынша жауапты басқа құқық қорғау органдары тергейді, - деді Ж. Елемесов.
Агенттің басшысының орынбасары елімізде қылмыстық кірісті заңдастыру мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет туралы заңнама бар екенін еске салды.
- Бүгін Сенаттың жалпы отырысында да тиісті құжат мақұлданды. Атап айтқанда, заң бойынша қаржылық мониторингтің субъектілері шекті транзакцияларға қатысты немесе барлық күдікті транзакциялар бойынша мәліметтерді ұсынуы керек - деді ол.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Бас прокуратура анонимді QirSabyn Telegram-каналы әкімшілерінің ұсталғанын растаған.
Бұл күдіктілерді ұстауға Бас прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобы және ҚМА-нің мамандандырылған бөлімшесі қатысқан.