Ағымдағы жылдың 7 айында көші-қон заңнамасын бұзған 12 мың шетелдік елден шығарылды
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ағымдағы жылдың 7 айында көші-қон заңнамасын бұзған 12 мың шетелдік елден шығарылып, 100 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгін Кеден одағына мүше мемлекеттер Ішкі істер министрлерінің кеңесі барысында журналистермен болған брифингте ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов осылай мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың 7 айында Қазақстанға 700 мыңнан астам шетелдік азаматтар келген. Жалпы, осы санаттағы азаматтармен жыл сайын 2,5 мың қылмыстар жасалады. Ал өткен 7 ай ішінде біз көші-қон заңнамасын бұзғандығы үшін 12 мыңнан астам шетелдікті ел аумағынан шығардық. 100 мыңнан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда көші-қон саласын бақылаумен 8 мемлекеттік орган айналысады. Ал көші-қон саласының негізгі шоғырын ІІМ жүйесіне енгізу бұл саладағы бақылауды арттыра түсуге сеп болады. Естеріңізге сала кетейік, Құқықтық реформаларға орай ІІМ құрылымында Көші-қон полициясы комитеті құрылады.