Ағымдағы жылы елордада атаулы көмек алушылардың санын 6 пайызға дейін төмендету жоспарлануда
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елордада атаулы көмек алаушылардың санын 6 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін «Көзқарас» пікірсайыс клубының «Қазақстан-2050» стратегиясын талқылауға арналған отырысында Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева мәлім етті.
«Ең төменгі зейнетақының мөлшері бүгінде қаңтар айынан бастап 9 пайызға өсуіне орай 19066 теңге болса, орташа зейнетақы 39077, ал ең жоғарғы зейнетақы 50632 теңгені құрайды. 2012 жылғы төменгі өмір сүру деңгейі 19456 теңге болды. Бүгінгі күні азық-түлік себеті 11980 теңге болса, бірінші тоқсандағы кедейшілік шегі 7987 теңге. Ең төменгі еңбекақы 18660 теңге», - деді ол.
А.Алтыбаеваның айтуынша, 2013 жылы халықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемін 1,6, оның ішінде атаулы көмек алаушылардың санын 6 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.
«Бүгінде атаулы көмек алушылар саны төмендеп келеді. Атаулы көмек 2008 жылы 1339, 2009 жылы 1282, ал 2012 жылы 885 отбасыға берілді. Тұрғын үй көмегін алушылардың саны да азаюда. 2008 жылы 2807, 2009 жылы 2700, 2012 жылы 1956 адам тұрғын үй көмегін алды», - деді ол.