АХҚО сотының «Газпромға» қатысты шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды – Әділет министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының ресейлік «Газпром» мен украиналық «Нафтогаз» арасындағы дауға қатысты шығарған бұйрығы Қазақстан аумағында орындалмайды. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.

Алматы прокуратурасы кәсіпорынның жұмысына заңсыз араласқан басқарма басшысын жазалады
Фото: polisia.kz

Еске сала кетейік, екі ірі энергетикалық компания арасындағы дау 2019 жылы ресейлік газды тасымалдауға қатысты жасалған келісімшарт міндеттемелеріне негізделген. 2025 жылдың маусымында Халықаралық сауда палатасы жүйесіне кіретін Швейцария арбитражы осы іс бойынша шешім шығарған болатын. Ал биыл мамыр айында АХҚО соты «Нафтогаздың» «Газпромға» қарсы арбитраждық шешімін тану туралы сот бұйрығын шығарды.

ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, аталған құжаттың әлі заңды күшіне енбегенін және істің жүзеге асырылуы туралы айтуға ерте екенін ескертті.

– Ең алдымен, бұл істің процессуалдық мазмұнын түсіну маңызды. Сот бұйрығы біржақты тәртіпте, яғни жауапкердің қатысуынсыз шығарылды. Бұл түпкілікті шешім болмағандықтан хабарлама сипатқа ие әрі заңды күшіне енген жоқ. Жауапкер белгіленген мерзімде күшін жою туралы арызбен жүгінуге құқылы, содан кейін екі тараптың қатысуымен толыққанды қарау өтеді. Сондықтан бұл кезеңде шешімнің іске асуы туралы сөз қозғау әлі ерте, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, еліміздің заңнамалық тетіктері ұлттық юрисдикция шегіне жатпайтын дауларды қарауды көздемейді.

– Қазақстан өзімен ешқандай құқықтық байланысы жоқ шешімдерді іске асыратын транзиттік алаң болмайды. Сол себепті АХҚО сотының бұл шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды. Бұл істе АХҚО-мен юрисдикциялық байланыс орнататын негізгі шарттар жоқ екенін айрықша атап өткен жөн. Біріншіден, «Газпром» компаниясы АХҚО мүшесі емес, екіншіден, дауға себеп болған мәміле Орталық аумағында жасалмаған. Сонымен қатар бұл дау АХҚО құқығымен реттелмейді әрі тараптар шешімді тану және орындату мәселесін АХҚО сотына беру туралы өзара келісім жасамаған. Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң АХҚО сотының құзыретін нақты шектеп берген. Ол тек АХҚО-ға тікелей қатысы бар немесе тараптардың өзара келісімімен қарауға берілген дауларды ғана қарай алады, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік арбитраж шешімдерін орындау халықаралық келісімдер мен ішкі іс жүргізу нормаларына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады. Бұл ретте борышкердің немесе оның мүлкінің орналасқан жері маңызды.

– Қазақстан шетелдік арбитраждық шешімдерді орындау орындаушы мемлекеттің процессуалдық нормаларына сәйкес жүзеге асырылатын 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясының мүшесі. Біздің жағдайда бұл Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен реттеледі. Аталған кодекстің 503-бабына сай, шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арыз дау қаралған жердегі, заңды тұлға орналасқан жердегі немесе мекенжайы белгісіз болса, борышкердің мүлкі орналасқан аумақтағы сотқа берілуі керек. «Газпромның» орналасқан жері белгілі. Бұл назардан тыс қалдыруға болмайтын маңызды процессуалдық бағдар, – деп толықтырды министр.

Сондай-ақ Әділет министрлігі кез келген тұлғаның сотқа жүгінуге құқығы бар екенін, алайда бұл істі қарауға сол соттың міндетті түрде құзыреті жетеді деген сөз емес екенін ескертті. Қазіргі уақытта ведомство осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін заңнаманы жетілдіруге кіріскен.

– Атап өткенімдей, АХҚО сотындағы сот процесі әлі аяқталған жоқ. Түпкілікті шешім шығармас бұрын сот екі тарапты да тыңдауы тиіс. Осы орайда Әділет министрлігі шетелдік арбитраж шешімдерін елімізде тану және орындату тәртібін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізіп жатқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заң АХҚО сотының өкілеттігін нақты айқындап берген. Ол тек орталыққа қатысы бар мәселелер мен тараптардың дауын немесе істі АХҚО сотында қарау жөнінде өзара келісімге келген тұлғалардың ғана дауын қарай алатынын баса айтқым келеді, – деп түйіндеді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Айта кетейік, былтыр Астана халықаралық қаржы орталығы 2,5 трлн теңге капитал тартқан болатын.