Былтыр Астана халықаралық қаржы орталығы 2,5 трлн теңге капитал тартқан

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов биыл Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары JPMorgan Frontier Markets халықаралық индексіне кіретінін айтты.

AIFC МФЦА  АХҚО
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Қор нарығының рөлі де артып келеді. Акциялар нарығы 19%, облигациялар нарығы 8% өсті. Жаңа облигациялар шығарылымы 4,7 трлн теңге болды. KASE индексі 26% өсті. Астана халықаралық қаржы орталығының индексі 26,8% өсті. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында тартылған капитал 2,5 трлн теңге болды. Бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялау көлемі екі есе артып, 3,9 млрд долларға жетті, — деді ол. 

Ұлттық банк басшысы мемлекеттің қарыз алу құны 1,5-2% төмендегенін айтады.

— Бұл мемлекет жүргізіп отырған макроэкономикалық саясатқа деген сенімді көрсетеді. Борыштық саясаттың тиімділігін арттыру үшін өткен жылы Үкімет пен Ұлттық Банк Мемлекеттік борышты басқару кеңесін құрды. Euroclear және Clearstream жүйесіне қосылу арқылы есеп айырысу инфрақұрылымы жетілдірілді. Биыл мемлекеттік бағалы қағаздарымыздың JPMorgan Frontier Markets халықаралық индексіне кіруін күтіп отырмыз. Бұл шетелдік инвестициялардың одан әрі өсуіне және сыртқы қарыз алу құнын төмендетуге септігін тигізеді, — деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиында елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.

Соңғы жаңалықтар