Ахмет Мурадов: Вайнахтардың қайғысын қазақ қасіретімен салыстыруға болмайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Депортацияға қатысты құжаттарды ақтара отырып, айналып келгенде вайнахтардың қайғысын - қазақ жерінде болған қасіретпен салыстыруға келмейтінін білдік. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» шешендер мен ингуштар бірлестігінің тең төрағасы Ахмет Мурадов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ахмет Мурадов: Вайнахтардың қайғысын қазақ қасіретімен салыстыруға болмайды

«15 жыл бұрын «Вайнах» бірлестігі ҚР Президентінің Архиві және ҚР Мемлекеттік архивтің деректерін қолдана отырып, депортация тарихына қатысты өзінің зерттеу жұмысын жүргізген болатын. Сол кезде құпиялылығы жаңадан ашылған құжатты көруге мүмкіндік алдық. Шыны керек, ол тұста тек вайнахтардың тарихын ғана зерттеп жүрген болатынбыз. Алайда тарихи құжаттарды ақтара отырып, айналып келгенде вайнахтардың қайғысын - қазақ жерінде болып жатқан қасіретпен салыстыруға келмейтінін білдік. Міне, сондықтан, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атауына «ашаршылық құрбандары» сөзі қосылғанын заңды деп білеміз», - деді Ахмет Мурадов Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» халықаралық Х форумында.

Депутат өз сөзінде 1929, 1939 және 1949 жылдардағы халық санағына талдау жүргізгенін тілге тиек етті.

«Сол тізімдегі қазақтың санына қарасаңыз, 1929 - 1939 жылдар аралығында екі есеге азайып кеткенін көресіз. Бұл - өз жерінде қырылып қалған миллиондардың тағдыры. Репрессияланған, депортацияланған халықтар туралы сөз қозғайтын болсақ, меніңше, ең алдымен біз өзінің туған жерінде қасіреттің зорын көрген халыққа құрмет көрсетуіміз керек. Олжас Сүлейменовтың кезінде «Сіздерді, депортацияға ұшырағандарды, каторгаға өлім үшін әкелсе, біз осы каторгада туған елміз» деген сөзі бар. Міне, осы жерде тіркелген оқиғаларға қазақ тағдыры арқылы қарайтын болсаңыз, болған оқиғаларға басқа өлшеммен қарай бастайсыз», - деді депутат.

Ахмет Мурадовтың айтуынша, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында депортацияланған халықтарды Қазақстанға көшірудің өзіндік себебі бар: халқы ашаршылықтан қырылып, бос қалған далаға халықтарды жер аудару арқылы әкеліп, тегін жұмыс күшіне қол жеткізу мақсат етіп қойылған.

«Қазақ даласына немістер, поляктар, кәрістер, вайнахтар көшіріліп әкелінген. Әлбетте, сол тұстағы билік Қазақстаннан «сол адамдарды көшіруге бола ма, жоқ па?» деген сұрақ қойылған жоқ. Екіншіден, жер аударылған халықтарға қайда апара жатқандарын да айтпаған. Олар тіпті қазақ жеріне келгенімен, қайда түскенін өздері түсінбеген. Міне, осы адам баласын жек көретін саясат, тоталитарлық жүйенің пиғылы қазақ даласында жүзеге асып жатты. Біз совет дәуірі кезінде айтқан кезде басқа елдерден гөрі Қазақстан ерекше айшықтала айтылады. Себебі, совет билігінің ойға келген тәжірибелері осы Қазақстанда іске асырылғаны шындық еді», - дейді депутат.

Ахмет Мурадовтың айтуынша, тау халықтарын совет билігі «оккупанттармен достығы» үшін жер аударған. Алайда ол жерге оккупант түгілі, жаудың аяғы баспаған.

«Ақтау туралы мәселе сонау 1989 жылы СССР Жоғарғы кеңесінде айтыла бастаған еді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол тұста қазақ халқына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру мәселесін көтерген. Ары қарай заман өзгерді. «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң біздің елімізде бірінші рет қабылданды», - дейді Ахмет Мурадов.

Айта кетсек, аталмыш форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, сталиндік репрессияның құрбандары бойынша ортақ аза - қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналуы тиіс екенін мәлім етті.