Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебі 60 жылда мыңнан астам өнер иесін түлетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының 60 жылдығына арналған брифинг өтті.
Спикерлердің сөзінше,мерейтойға арналған салтанатты гала-концерт 2 желтоқсан күні Алматы театр сарайында өтеді.
Оған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері мен қоғамдық көшбасшылары қатысады деп күтілуде.
Кештің басты қатысушылары - мектептің талантты оқушылары болмақ.

«1964 жылы көрнекті композитор Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған мектеп ауылдық жерлердегі дарынды балаларға еуропалық және әлемдік музыка өнерімен танысуға мүмкіндік беру мақсатында есігін айқара ашты», – деді мектеп директоры Нұркен Әшіров.
Айтуынша, артта қалған алты онжылдықта мектептен 1000-нан астам музыкант түлеп ұшты, олардың көпшілігі әлемдік сахналарда танымадылыққа ие.
«А.Райымқұлова, Б. Демеуов, Т. Забирова, А. Еңгепов сияқты мектеп түлектері Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып қана қоймай, ұлттық мәдениеттің дамуына да үлес қосып жүр», – деді ол.
Осыған дейін,Республика сарайында Ш. Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр мектебі» атты мерекелік концерт өткен болатын.