АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына шағым көбейді: министрлік тексеруді бастады
АСТАНА. KAZINFORM – АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты тексеру басталды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті.
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында әлеуметтік желіде Астанадағы жүргізушілер АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағымданғаны жайында сауал болды.
- Шынында да, бұл тақырып қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әрине, министр ретінде бұл мәселеден хабардармыз. Кеше менің орынбасарым - вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев Павлодар қаласына жіберілді. Қазір олар Павлодар зауытында отын сапасын тексеріп жатыр, - деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, қазір министрлік бұл мәселені бақылауда ұстап отыр.
- Бірнеше күн күту қажет, яғни жанармайдың жаңа партиясы жеткізіледі. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағармай болады. Сондықтан өте қысқа мерзім ішінде тиісті сапаны қамтамасыз етеміз, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл мәселе бойынша жанар-жағармай құю станциялары жауапкершілікті мұнай өңдеу зауатына ысырып жатыр. Өз кезегінде зауыт бұған жанар-жағармай құю станциялары жауапты екенін айтып отыр.
- Таяу арада осы жағдайды толықтай тексеріп, жауабын береміз, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Энергетика министрі биыл төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша нақты шешім болатынын мәлім етті.