Энергетика министрі: биыл төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша нақты шешім болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатын өңірлер зерттеліп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

а
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарына қатысты сұрақ қойылды. 

- Осы сұраққа нақты жауап беремін. Атап айтқанда, төртінші зауыт іске асырылады. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемелер пысықталып жатыр. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қоры осы бағытта жұмысын жүргізіп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін нақты шешім қабылданады, - деді Е.Ақкенженов. 

Оның айтуынша, қазір зауыт салынатын орынды таңдауға қатысты талқылау жүріп жатыр. Бұл тұрғыда Маңғыстау, Атырау, Ұлытау облыстарындағы, сондай-ақ елдің оңтүстік өңіріндегі алаңдар зерттеліп жатыр. 

- Бұл бағытта электр энергиясы мен сумен қамтамасыз ету көздері, сондай-ақ басқа қажеттіліктердің бәрі назарға алынады. Негізі, осы жобаны іске асыру үшін 3 немесе 4 жыл керек. Техникалық-экономикалық негіздеме және жобалық құжаттамаларды, құрылыс жұмыстарын жүргізуді ескере отырып, 4 жылдың шамасында іске асырылады, - деді министр.

Бұған дейін төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға 10 млрд доллар жұмсалуы мүмкін екені айтылған еді.