Аида Әбікеева бокстан әлем чемпионатында төртінші алтын медальды алды

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Аида Әбікеева (65 келі) ел құрамасы қоржынына төртінші алтын медальды салды.

Аида Әбікеева бокстан әлем чемпионатында төртінші алтын медальды алды
Фото: Қазақстан ҰОК

Қазақстандық былғары қолғап шебері ақтық сында өзбекстандық Навбахор Хамидовамен шаршы алаңға шықты.

Жекпе-жек барысында бірінші және екінші раундта Аида қарсыласына есе жіберсе, шешуші раундта қарсыласын көбірек соққыға алды. Осылайша әлем чемпионы атанды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Махмұд Сабырхан (55 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі) және Алуа Балқыбекова (51 келі) әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай (48 келі) күміс жүлдегер болды.

Енді кешкі сессияда Төрехан Сабырхан (70 келі) және Айбек Оралбай (90 келі), Наталья Богданова (70 келі) алтынға таласады. 

Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді.

Әлемнің әр қиырынан келген боксшылар 4-10 қыркүйек аралығында іріктеу кезеңінде бақ сынады. Ал 12-13 қыркүйекте жартылай финалдық, 13-14 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтті.

Соңғы жаңалықтар