Аида Балаева ағза донорлығына келісім беретінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында ағза донорлығына қатысты пікір білдірді.
Оның сөзінше, қазір елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұр.
— Бұл дегеніңіз — 4739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар. Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді, — деп жазды Аида Балаева.
Премьер-министрдің орынбасары ағза донорлығына қатысты шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті. Себебі донор болу немесе болмау — әр адамның жеке таңдауы.
— Бұл — өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы — екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында — ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында — ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет, — деді ол.
Министр ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін айтты. Аида Балаева мәлім еткендей, бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік сыйлайды.
— Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан біз бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор. Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу — баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын, — деп түйіндеді Балаева.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім бергендер саны артқаны хабарланды.
Сонымен қатар, ағзасын донорлыққа бергісі келетіндер неден қорқатыны белгілі болды.
Жалпы елде бүгінге дейін 3 270 ағза трансплантациясы жасалған.