Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елде бүгінге дейін 3 270 ағза трансплантациясы жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда соңғы жылдары ағза трансплантациясы бойынша жасалатын операциялар саны артып келеді.

Өзбекстанда жеке клиникаларға адам ағзасын трансплантациялауға рұқсат берілмек
Фото: ҚР ДСМ

Бұл туралы Республикалық трансплантология және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Айдар Ситказинов айтты.

Оның айтуынша, осы операциялардың 2 700-ден астамы тірі донорлардың, ал 500-ден астамы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардың ағзаларын пайдалану арқылы жасалған.

— Елімізде заманауи трансплантация саласы жолға қойылған 2012 жылдан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 2 413 бүйрек, 636 бауыр, 118 жүрек, 28 өкпе, 73 көздің қасаң қабығы және 2 ұйқы безі трансплантациясы бар, — деді ол.

Сонымен қоса ол соңғы жылдары қайтыс болған донорлардың ағзасын пайдалану арқылы жасалатын трансплантациялар саны да өскенін атап өтті. 

— Мәселен, 2024 жылы осындай 23 операция жасалса, 2025 жылы олардың саны 68-ге жетіп, шамамен үш есе артқан. Бұл үрдіс биыл да жалғасып отыр, — деді орталық басшысы.

Сонымен қатар оның сөзінше, ағзалары трансплантацияға алынған қайтыс болған донорлар саны 2024 жылғы 6-дан 2025 жылы 18-ге дейін өскен.

Айдар Ситказиновтың айтуынша, қайтыс болған донорлар санының артуы трансплантация күтіп жүрген пациенттердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өйткені бір донордың ағзасы бірнеше адамға өмір сыйлауы мүмкін.

Айта кетейік, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.