Аида Балаева Ата заң өзгерістерін «Конституцияның жаңа жобасы» деп қарастыруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституциялық комиссияның бесінші отырысында ұсынылған түзетулер мәтінін «Конституцияның жаңа редакциясы» деп емес, «Конституцияның жаңа жобасы» деп қарастыруды ұсынды. 

Аида Балаева
Фото: Конституциялық сот

− Жан-жақты талқылаулар мен ұсыныстарды саралай келе, кеше таныстырылған мәтінді «Конституцияның жаңа редакциясы» деп емес, «Конституцияның жаңа жобасы» деп қарастыру ұсынысын қолдаймын, − деді Мәдениет министрі.

Сонымен бірге, саяси партиялардың рөлі мен партиялық тізімнің орны туралы айтқан министр сайлаушылардың жеке азаматқа емес, ең лайықты деген тұлғалардың ортақ ойына, озық идеяларына дауыс беретінін атап өтті.

− Бұл ел өміріне, саяси бәсекеге, сапалы сараптама, мазмұнды пікірталас сияқты қажетті дүниелерді әкеліп қана қоймайды. Ең бастысы бұл саяси партияларды өз сайлаушыларының үміті мен мүддесін дәл түсінуге және елдің ортақ мақсатына қызмет ететін маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекет пен азаматтар арасындағы шын мәніндегі алтын көпірге айналуын тездетеді. Қорытындылай айтсақ, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістер − кезекті бір түзетулер емес, азаматтарымыздың мұң-мұқтажын ескеретін, әділдікті ту етіп, заң мен тәртіпке негізделген ел дамуының ұзақ мерзімді тың моделі, − деді Аида Балаева. 

Айта кетелік Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттігі туралы айтқан еді

Соңғы жаңалықтар