Аида Балаева: Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еріктілерді мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Аида Балаева
Фото: Александр Павский / Kazinform

– Құрметті волонтерлер! Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық волонтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі кезде волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сіздер мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына үлес қосып келесіздер. Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, ол әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында, – деді министр.

Аида Балаева дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алғанын айтты.

– Аталған жылды жариялау туралы ұсыныс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз. Қазақстан үшін Халықаралық жыл орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлердің рөліне баса назар аудара отырып «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналады. Атаулы жыл жаһандық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашатынына және миллиондаған адамдарды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құрудың ортақ ісіне қатысуға шабыттандыратынына сенімдіміз, – деді ол.

Министр мемлекет еріктілердің белсенділігін, азаматтық ұстанымы бен жасампаз істерін жоғары бағалайтынын айтты.

– Біз волонтерлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз және даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз. Барлық волонтерлерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін. Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Айта кетейік, жақында «Жыл волонтері – 2025» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

Соңғы жаңалықтар