AITU - Қазақстандағы цифрлық егемендік пен қауіпсіз байланыс құралы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық цифрлық нарықтағы мессенджерлер бәсекесі дәстүрлі шетелдік көшбасшылардың ықпалымен ғана емес, сонымен бірге жергілікті IT өнімдердің дамуы арқылы да ерекшеленіп жатыр. Солардың бірі – AITU мессенджері. Жоба Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға және ішкі нарықта жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Осы орайда Kazinform тілшісі мәселені жан-жақты талдап көруге тырысты.

AITU мессенджері
Фото: Коллаж: Kazinform/ Canva

Қарапайым мессенджерден цифрлық экожүйеге дейін

Жоба - «BTS Digital» компаниясының бастамасы. Ең маңыздысы, жоба мемлекеттік бюджет есебінен емес, жеке инвестиция арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұл отандық IT компаниялардың әлеуеті мен жауапкершілігін көрсетеді.

Бастапқыда қарапайым мессенджер ретінде іске қосылған AITU бүгінде әмбебап суперқосымша ретінде дамып келеді.

«BTS Digital» ЖШС бас атқарушы директоры Нұртай Әбілғалиевтің сөзінше, қосымшаны дайындаудағы басты мақсат – қазақстандық пайдаланушыға халықаралық аналогтерден кем түспейтін, бірақ жергілікті қажеттіліктерге бейімделген әмбебап өнім ұсыну.

Біздің негізгі мотивіміз – әлемдік деңгейдегі отандық цифрлық өнім жасау. AITU тек мессенджер ғана емес, SuperApp-қа айналды: төлемдер мен аударымдар, кино мен музыка сервистері, контент-лента, бизнеске арналған құралдар – бәрі бір жерде. Біз пайдаланушыға шетелдік сервистерде жоқ мүмкіндіктерді береміз, – деді Нұртай Әбілғалиев.

Сонымен қатар ол компания қызметкерлерінің ең көп талқылаған мәселелердің бірі – чат-боттар мен жасанды интеллект ассистенттері арасындағы таңдау болғанын атап өтті.

- Чат-боттар қарапайым әрі үйреншікті, бірақ олардың мүмкіндіктері шектеулі. Ал ЖИ-ассистенттер пайдаланушыға икемді, жеке көмек көрсетеді. Біз түпкілікті таңдауымызды жасанды интеллектіге артықшылық беру керек деп шештік, өйткені ол платформаны ақылды әрі дербес етеді, – деді директор.

Жоба жетекшісі Нұртай Әбілғалиевтің айтуынша, AITU архитектурасы app-платформа моделіне негізделген. Осы тәсіл арқылы күрделі жаңартусыз жаңа сервистерді оңай енгізуге болады. Сонымен қатар бизнес өкілдері өз қызметтерін мини-қосымша ретінде қолданба ішіне орналастырып, пайдаланушыларға қолжетімді ете алады.

Компания өкілдерінің айтуынша, мессенджерлер енді тек байланыс құралы болып қалмайды.

Біз мессенджерлердің болашағын цифрлық орталық ретінде көреміз. Пайдаланушылар онда тек сөйлеспейді, сонымен қатар төлем жасайды, қызмет алады, күнделікті істерін шешеді. Біздің мақсатымыз – AITU-ды адам өміріндегі толыққанды цифрлық көмекшіге айналдыру, – деді жоба жетекшісі.

онлайн, ноутбук
Фото: Рexels

Қазақстан тәжірибесі: AITU мессенджері

Осы жаһандық үдерістер аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің қызметтік байланысын AITU ұлттық мессенджеріне көшіру бастамасын жариялаған болатын.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, мессенджер мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік хат-хабар алмасуға арналған арнайы қорғалған арна ретінде қарастырылады. Бастама мемлекеттік секторда бірыңғай қауіпсіз байланыс платформасын құруға және ақпараттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ министрлік Kazinform агенттігінің ресми сұраухатына берген жауабында AITU мессенджерінің негізгі артықшылығын атады: оның барлық сервері Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл – деректерді қорғау талаптарына толықтай сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін анағұрлым сенімді етеді делінген.

Оған қоса, AITU арқылы бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) жаңалықтар таратып, оқырмандармен тікелей байланыс орната алады. Мемлекеттік құрылымдар жаңалықтар мен ресми ақпаратты жариялау үшін қосымша платформа ретінде пайдаланатын болады. Бұдан бөлек қолданыстағы ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларды толықтыратын құрал ретінде қарастыруға мүмкіндік бар.

AITU азаматтардың жеке өміріне араласпайды және шетелдік мессенджерлерді алмастыруды көздемейді. Қосымша тек мемлекеттік сектордағы қызметтік коммуникацияны жүргізуге арналған, қорғалған байланыс арнасын қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген ресми жауапта.

Министрліктің түсіндіруінше, аталған қосымша тек мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін енгізіледі. Жеке азаматтардың WhatsApp, Telegram сынды шетелдік мессенджерлерді қолдануына шектеу қойылмайды. Сонымен қатар AITU, eGov, eGov Business және eOtinish платформалары үшін нөлдік тарификация енгізу де қарастырылып жатыр. Бұл - мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Ақпараттық қауіпсіздік технологиялары жөніндегі сарапшы Александр Баитов мемлекеттік органдарға арналған жаңа мессенджерге кибершабуылдар қаупі жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінде киберқылмыскерлер мессенджерлерге қатысты бірқатар тәсілді қолданып жүр.

– Қазіргі уақытта мессенджерді бұзу әрекеті, аккаунттарды бақылауға алу немесе оларды иелерінен сатып алуға талпыну жағдайлары көп. Мұндай қадамдар арқылы қылмыскерлер жүйеге еніп, жалған ақпарат таратып, фишингтік сілтемелер арқылы алаяқтық әрекеттер жасай алады. Аталған әдістерді біз қазірдің өзінде Telegram мен WhatsApp секілді платформаларда көріп отырмыз, яғни қылмыскерлер қарапайым пайдаланушының аккаунтын иемденіп, оның атынан байланысқа шығып, деректерге қол жеткізуді көздейді, – деді сарапшы.

Баитовтың айтуынша, бұндай жағдайда тәуекел одан да жоғары болуы мүмкін, себебі жаңа мессенджер мемлекеттік қызметкерлерге бағытталған.

Егер аккаунттардың біріне қол жеткізілсе, құпия деректерге қол сұғу қаупі туындайды. Сондықтан мәселеге жеңіл қарауға болмайды. Әрине, әзірлеуші компания тарапынан да, мемлекет тарапынан да қауіпсіздік деңгейі күшейтілген. Алайда әлемде 100 пайыз қорғалған жүйе жоқ. Бұл – есте ұстайтын маңызды жайт. Демек, киберқылмыскерлер мен тіпті басқа елдердің кибертобы да жүйеге қызығушылық танытып, қол жеткізуге әрекет жасауы әбден мүмкін, – деп түйіндеді маман.

Жетісу облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
Фото: Pixabay.com

Халықаралық тәжірибе: Ақпараттық қауіпсіздік және ұлттық мессенджерлер

Әлем елдерінің көпшілігі мемлекеттік құрылымдардағы ақпарат алмасудың қауіпсіздігін арттыру мақсатында ұлттық мессенджерлер мен жабық цифрлық экожүйелерді дамытып жатыр. Атап айтар болсақ, Ресейдің негізгі ұлттық мессенджері ретінде Max қосымшасы таңдалған болатын. Бұл мессенджер барлық смартфондарға алдын ала орнатылуы міндетті етіп бекітілген. Max өз позициясын тек байланыс құралы емес, сонымен қатар әмбебап цифрлық платформа ретінде ұстанады. Ол Қытайдың WeChat қосымшасына ұқсас, яғни азаматтарға тек хабар алмасу мүмкіндігін ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, жеке басын растау және төлем жасау сияқты функцияларын ұсына алады.

Еуропа елдері де деректер қауіпсіздігіне басымдық беріп отыр. Мәселен, Германия мен Францияда мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы әзірленген Matrix және Tchap секілді мессенджерлер қолданылады. Осы шешімдер Еуроодақтың жалпы деректерді қорғау регламентіне сәйкес келеді және ұлттық қауіпсіздік стандарттарына жауап береді.

Аталған тәжірибелер бір ортақ фактіні көрсетеді: мемлекеттік басқаруда қауіпсіз, сенімді және бақылауға болатын коммуникация арналары ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналды.

Осылайша, жаһандық цифрлық бәсекелестік күшейіп тұрған қазіргі заманда, қауіпсіз және дербес байланыс құралдарын дамыту – әр мемлекеттің стратегиялық мақсатына айналды деуге болады. 

Бұған дейін ұлттық мессенджердің жаңа мүмкіндіктерін жазғанбыз.

Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.

Президент елімізге үлкен міндет жүктеп, Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық державаға айналдыруды мақсат етіп қойды. Бұл мақсат қаншалықты жүзеге аса алады және оған жету үшін қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар