Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Архивте Шығанақ Берсиев еккен тары, оның күнделігі мен майдан даласынан жеткен хаттардың түпнұсқасы бар. Тіпті Кеңес Одағының батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллин де газет арқылы сәлемін жеткізген. Kazinform тілшісі облыстық архивте сақталған құжаттар мен деректерді ұсынады.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Берсиев күнделігі

Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивіндегі жеке тектік қорда Шығанақ Берсиевтің фотосуреттері мен құжаттары сақтаулы. Сонымен бірге «Шығанақ Берсиевтің күнделігінен» үзінді бар.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бір қызығы күнделік қолмен жазылмаған әрі латын қарпі қолданылған. 1941 жылы 24 сәуірде басталып, 8 мамыр аралығын ғана қамтиды. Онда жер жырту, тыңайту жұмыстары туралы жазылған. Мәселен 27 cәуірде:

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— 18 колхозшы жұмыс істеді. 20 арба көң тасылды. 76 текше метрлік топырақ алынып, 125 метрлік жап жасалды. 0,5 гектар жер жыртылды. Бұл зябь (сүдігер — күзде жыртылған жер —  ред.) болатын, солай бола тұрса да тереңдігі 22-23 сантиметр тереңдікте жыртылды. Өйткені ол жерді су алып, үстіне жаңадан құм, топырақ қосылып, жерді тегістеп кеткен. Мұғалім Сапарғалиев жолдас социалистік жарыс туралы звено мүшелері арасында әңгіме өткізді. Өндіріс кеңесі өткізілді, — деп жазылған.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ш.Берсиев күнделігінен жерді дайындау жұмысы сәуір айының аяғына таман басталғанын көруге болады. Ал мамырда күн сайын 2-7 гектарға дән сепкен.

— Колхозшы түгелінен қатынаса отырып, 117,5 текше метр жердің топырағын алды. 4 гектар жер жыртылып, 5 гектарға тырма тартылып, 7 гектарға тұқым себілді… Гектарға атыз жасалды. «Кемерші» колхозының звеновойы орденді Зәуре Баймолдина жолдас келіп, ұзақ әңгімелесіп, жұмыстың жайымен танысты, — деп жазылған 8 мамырда.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сталинге хат

Архивтегі жеке тектік қордан Шығанақ Берсиевтің Сталинге жазған хатын да көруге болады.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Құрман колхозының звено жетекшісі хатта Қызыл әскерге көмектесетінін, ол үшін өз жинағынан ақша аударатынын жазған. Қаржыны танк колоннасының құрылысы деп берді.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Мен 1943 жылы әр гектардан 200 центнер тары алуға уәде еттім және сол уәдеде тұрамын. Менің үш балам да майдан даласында және фашизмге қарсы соғысып жүр. Ал мен 63 жасымда өзімді әлі тың сезінемін және тылдағы еңбегіммен майдан даласына көмектемесін, — деп жазған хатта.

Бұл хат жауапсыз қалмады. Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы Николай Скворцов Шығанақ Берсиевке алғысын білдірді. Ол танк колоннасы құрылысына бөлген 20 мың рубль, 325 пұт астық әскери қуатты арттыратынын жеткізді.

Берсиевке хат

Ш.Берсиевке майдан даласынан хаттар көп келді. Хат көбіне газет редакциясына жолданды. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған хатта бәрі де өз алғысын білдірген. Кейбірі жыр шумағын арнаған. Мәселен 1943 жылы Қ.Изикенов:

— Қарт ата кәсіп еттің егіншілік,

Егінің салған сенің болды бітік, — деп жазды.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ал 1944 жылы өзін Рахметулла деп таныстырған майдангер Шығанақ Берсиевтің балдызы болып шықты. Жездесіне хат арнаған жауынгер амандық сұрап, өзін таныстырған.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Мені сіз танымайтын боларсыз. Мен Исатайдың Рахметулла деген баласы боламын. «Правда» газетінің бір мақаласында «тарыны көп жинадым» деген сөзіңізді оқып, сонымен қатар өзіңізді көріп амандық білдіріп қоюға жазып отырмын. Мен фронттамын. Офицер болып жұмыс жасаймын, елден аздап хат алып тұрамын, — деп жазылған хатта.

Сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы қыркүйек «Сталин туы» газеті арқылы Шығанақ Берсиевке хат жазды.

— Ел шетіне жау келіп, ер азамат майданға аттанғанда «майданға берер көмегім тарыдан мол өнім алу» деп сенім берген едіңіз. Сол сеніміңізді қажырлы еңбек етіп, көпке үлгі іс істеуіңізбен ақтап келесіз. Оған біз, майданда жүрген жігіттер зор қуанышпен құтты болсын айтамыз. Совет халықтарын құл етуді көздеген неміс-фашист басқыншылар Қызыл Армиядан қатты соққы жеп шегіне бастады. Жауды жеңетін күн жақындап келеді. Жеңіс күнін тездету үшін тылда еңбек қарқынын бұрынғыдан да күшейтіп, астықты ысырапсыз жинап алу, мал басын өсіру, мемлекет алдындағы міндеттемелерді абыроймен орындау қажет. Бұл жөнінде өзіңіздің озат тәжірибеңізді, жақсы ақылыңызды барлық колхозшыға айтып, оларды майданға көмекке бұрынғыдан да күшейте түсуге жұмылдыратындығыңызға сенемін. Жолыққанша сал болыңыз! Сәлеммен, балаңыз — Мәлік Ғабдуллин, — деді ол.

Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин газеттің дәл осы санында Ақтөбе облысының барлық еңбекшілеріне де хат жолдаған.

Өмірбаяны мен еңбек жолы

Архив құжаттарында Шығанақ Берсиевтің өмірбаяны да бар.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ол 1881 жылы Ойыл ауданы Құрман ауылында шаруаның отбасында өмірге келген.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Әкем Берсе деген кісі өз еңбегімен күн көрген. Мен әкемнің қарауында 30 жасыма дейін болдым. Мен 1903 жылдан 1906 жылға дейін (қазіргі Атырау облысында — ред.) байлардың балығын аулап, қызметінде болдым. 1907 жылдан 1911 жылға дейін Табын ауданы Ержан деген байдың малайлығында болдым. 1911 жылы үйленіп, жолдасты болдым. Содан бері өз шаруашылығымда, егіншілікпен кәсіп етіп күн көрдім. Содан үкімет пен партияның басшылығы арқасында 1940 жылы 59 жасымда тары егісінен жержүзілік рекордтық өнім алдым. Содан 1941-1942 жылдарында бүкіл жержүзілік өнім алдым. Менің бұл еңбегімді партия мен үкімет бағалап, 1940 жылы Ленин орденін берді. Өзіммен бірге туған тумаларым жоқ. Өзімнен туған үш балам армия қатарында. Бұдан басқа біреуі армия қатарынан қайтып келіп, өзінің аурулығына (денсаулығына — ред.) байланысты Шұбарқұдықта қызмет етеді. Бөтен айтарым жоқ, — деп жазып, қолтаңбасын қойған.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл өмірбаян 1944 жылы жазылған. Шығанақ Берсиев өз қолымен жазды ма, әлде өзге біреу қағазға түсіріп, өзі қолтаңбасын қойды ма? Нақтысы белгісіз.

«Социалистік жол» газетінде, яғни, 1944 жылдың мамыр айында Шығанақ Берсиевтің әңгімесінен жазылған өмірбаяны шықты. Онда 1940 жылы бір гектардан 125 центнер, 1941 жылы гектарынан 165 центнер, 1942 жылы 6 гектардың әрқайсысынан 175 центнер, звеноға бекітілген 38 гектардың әрқайсысынан 105 центнер астық алған. Ал 1943 жылы гектарынан 200 центнер болды. Әрі бұл көрсеткіш өзге де аудандарда тіркелді.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Ырғыз ауданындағы звеновой Аманбаев 1943 жылы өнімді менен көп алды. Гектардан 206 центнер астық алды. Көршілес колхоздың звеновойы Зәуре Баймулдина әрбір гектардан 175 центнерден өнім алды. Мен бастадым, мыңдаған адам қостап, менің тәжірибемді, менің әдістерімді молайтып, жұртқа таратты. Бұл мені қуантты, маған көрік берді, — деп жазылған газетте. 

Сонымен қатар тары өсіргенде жерді көктемде жыртқан, оны суарғанын және тыңайтқыш ретінде қойдың көңін пайдаланғанын жазбалар арқылы білуге болады.

Шығанақ Берсиев 1944 жылы мамыр айында өмірден өткен. Ол Ойыл ауданы Құрман ауылында жерленген. 1946 жылы бейіті пирамида тәрізді қаланған. Баспалдақ арқылы жоғары шығып, бір кездері тары өскен алқапты шолып қарауға болады.

Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев майдан даласына қалай көмектесті
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, Ойылдағы музейде ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің жеке заттары жоқ. Тек сол кездері тары өсіруге пайдаланған шаруашылық бұйымдарын көрмеге қойылған.

Бүгінде Ақтөбеде тарыдан ондаған тағам дайындалады