«Ақ жол» партиясы: Бүгінгі нәтиже — мыңдаған азаматтың сенімі
АСТАНА. KAZINFORM — «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева сайлау нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасап, сайлау ашық әрі әділ өткенін алға тартты.
Оның айтуынша, бүгін еліміздің саяси өміріндегі тарихи оқиға — алғашқы Құрылтай сайлауы өз мәресіне жетті, халқымыз өз таңдауын жасады.
— Бұл Құрылтай — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси реформаларының айқын нәтижесі, жалпыұлттық референдумда қабылданған халықтық Конституциямыздың жүзеге асуының нақты көрінісі. Осы тарихи өзгерістердің заңды дәлелі ретінде өткен алғашқы Құрылтай сайлауы ашықтық пен әділдік қағидаттарына сай өтіп, азаматтарға өз таңдауын еркін жасауға мүмкіндік берді, — деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.
Дания Еспаева барлық саяси партиялар ашық бәсеке жағдайында сайлауға қатысып, өз бағдарламаларын сайлаушыларға жан-жақты жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, бұл — еліміздін саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам әрі халықтың өз болашағын айқындауға тікелей қатысуының жаңа кезеңі.
— «Ақ жол» Демократиялық партиясы осы сайлауға жан-жақты дайындықпен, мол тәжірибемен, мықты командамен және елдің ертеңіне бағытталған жаңашыл идеялармен қатысты. Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана пайыздық көрсеткіш емес. Оның артында «Ақ жолға» сенім артқан мыңдаған азаматтың үміті мен арманы, елдің болашағына деген нақты сенім тұр, — деп түйіндеді ол.
Бұған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады.
Сондай-ақ Respublica партиясы exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлаудың ашық әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов сайлаудың алғашқы нәтижесіне пікір білдіріп, халықтың сенім мандатына ие болғандарын айтты.