Ақан Бижанов: Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның жаңа үлгідегі институттарының бірі
АНА. Қазанның 20-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұлтаралық келісім, ішкі тұрақтылық Қазақстан тәуелсіздігін алып, өз алдына жеке, дербес ел болғалы көтеріліп келе жатқан мәселе.Елбасы ішкі татулық мәселесінің мемлекеттің дамуы үшін қаншалықты маңызды екендігін айтуындай-ақ айтып келеді.
Шын мәнінде кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен шыққан елдердің ішінде ішкі саяси жүйесі тұрақты, ешқандай ұлттық, діни немесе өзге де көзқарас қайшылықтарынсыз тұрақты дамып келе жатқан ел Қазақстан десек, асырып айтқандық емес. Тұрақтылық сөз жоқ, дамудың өсіп-өркендеуді басты алғышарты. Бұған біз осы уақытқа дейінгі тарихтан көз жеткізіп келеміз. Осыған орай қазір ішкі тұрақтылық, ұлтаралық татулық сияқты факторлар еліміздің басты құндылықтарының біріне айналды. Десек те елдің тыныштығын сақтап тұру оңай шаруа емес екені белгілі. Оны тек осы бағытта жан-жақты ойластырылған әрі ұдайы назарда ұстайтын, әртүрлі көзқарастар мен пікір алуандылығына жол ашқан либералды саясаттың арқасында ғана тұрақты қамтамасыз етуге болады. Бақытымызға орай, бүгінге дейін бұл шаруа біздің қолымыздан келді. Лайым алдағы уақытта да солай бола береді деген үміттеміз. Жалпы мемлекетте ішкі тұрақталықты қамтамасыз етуге деген саясат еліміздің мемлекет басқару ісінде де өзіндік тетіктер қалыптастырып үлгерді және олардың көпшілігі осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін көрсетіп келді. Мемлекетімізде қалыптасқан осындай тетіктердің бірі Қазақстан халқы Ассамблеясы институты.
Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдар әлі есімізде.Сол уақытта ел игілігі жолында қолға алынған көптеген бастамалар көпшілік тарапынан сынға ұшыраған. Мемлекет басшысының өзі бастамашы болып қолға алған Қазақстан халқы Ассамблеясына да әуелде сенімсіздікпен қарағандар табылды. Алайда бәріне де уақыт төреші. Ассамблея бүгінде елдегі тұрақтылық пен өзара татулықты қалыптастырып қана қоймай, өз міндетіне сай ұлттық мәселелерді әділетті шеше алатын, тіпті қазақ халқының мәдениетінің өзекті топтастырушысы, азаматтардың өркениетті демократиялық нормаларға сүйенетін саяси мәдениетін қалыптастыра алатын жобаға айналды. Осыған орай елде тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын Ассамблеяның жиындары мен мәжілістерінде көтерілетін мәселелердің ауқымы да уақыт өткен сайын кеңейе түсуде.
Ассамблеяның қызметімен байланысты осындай алқалы жиындардың бірі Астанада қазанның 26-сы күні өтеді. Аталмыш жиынның ұйымдастырылуына байланысты Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов өз ойын былай деп жеткізді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясы еліміздің өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болатыны сөзсіз. Өйткені этникааралық, конфессияаралық келісім республикамыздың саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы жетістіктерінің негізі болып отыр» деді депутат.
Оның пайымдауынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде азаматтық қоғамның жаңа үлгідегі институттарының бірі және ол мемлекеттік және ұлттық саясатты жүзеге асыруда маңызды рөл атқара отырып, Қазақстанның саяси жүйесінің өзегіне айналды. Өйткені ол мемлекеттегі барлық этностардың көзқарастарын бір арнаға тоғыстырып, азаматтардың діни немесе ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп отырған бірден-бір институт.Қазақстанда 2007 жылы жүргізілген конституциялық реформа, ұлттық азшылықтардың жоғары заң шығарушы органға өкілдік етуінің құқықтық базасын қалыптастырған іргелі шара болды. Нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан 9 азамат Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, қызмет етуде. Ассамблея осы жылдар ішінде, сондай-ақ консультативті - кеңес беруші институтынан түрлі этникалық топ өкілдерінің еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өкілдігін қамтамасыз ететін конституциялық органға айналды. Ал 2008 жылдың қазан айында қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң аталмыш органның конституциялық мәртебесін бекітті. Бұл қоғам өкілдерінің Ассамблеяны бейбітшілік пен келісімнің басқарушысы, ұлттық қарым-қатынас мәселелерін ашық, жариялы түрде талқылауға мүмкіндік беретін институт ретінде мойындағандығының белгісі. Қазақстанның әлем мойындаған этникаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі саяси тәжірибесін қазір ұлттық азшылықтар саясатын саралап жүрген өзге елдердің сарапшылары да назарға алып отырады. «Осы орайда айта кететін мәселе, биылғы жылдың қыркүйек айыныңы соңында Страсбург қаласында Еуропалық Кеңестің Парламенттік Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Қазақстандық делегацияға өкілдік етіп барған біз онда этникаралық, дінаралық диалог мәселелері жөніндегі конференцияға қатыстық. Онда мен қоғамдық келісім мен азаматтық институтты дамытудың өзге де жолдарын қарастыру қажеттігін айта келе, этникааралық және конфессияралық келісімді қалыптастырудың қазақстандық үлгісі әралуандылықтың ортақ идеяға негізделгендігінде екендігін атап өттім. Біз сонымен қатар жиында Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел ретінде мәдениеттер мен діндер арасындағы диалог пен төзімділікті қалыптастыру мәселесін көтеруді көздеп отырғандығын атап өттік. Бірден айта кетейін, жиын барысында Еуропа елдерінің парламенттік делегация өкілдерінің көпшілігі Қазақстанның тәжірибесіне аса қызығушылық танытып, осы бағытта үлкен пікіралмасулар болды» деді депутат.
Оның айтуынша, Ассамблеяның қазан айына жоспарланып отырған жиынында Қазақстан халқының бірлігі және осы бірлікті қалыптастырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланбақ. Ендеше қазақстандық бірлік пен ынтымақтың іргесіне айналған Ассамблея жиыны сәтті болсын дейік.