Әке өнерінің жанашыры Төрткен Кененқызы 80 жаста

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, Алматы облысы «Іле ауданының Құрметті азаматы», ұлағатты ұстаз, әке жолын қуған әнші Төрткен Кененқызының 80 жасқа толған мерейтойы. Осы қуаныш қарсаңында арнайы той иесімен сұхбаттасып, біраз жайдың басын ашқан едім.

Әке өнерінің жанашыры Төрткен Кененқызы 80 жаста

Тоқсаннан аса өмір сүріп, сексеннен аса ән шығарған қазақ халқының мақтанышы халық композиторы, айтыс ақыны Кенен Әзірбаевтың аяулы қызы, шәкірті десе де болады-Төрткен апамыз жаны жайсаң, көңілі көлдей, жүрегі жұмсақ, әні асқақ өнер иесі. Сонымен қатар өмір бойы шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, асыл ана, ардақты әже деу орынды.

Әке өнерінің жанашыры Төрткен Кененқызы әке әндерін нотаға түсіріп, осы күнге дейін шәкірттеріне үйретіп жүрген тәлімгер. Ол кісінің ерен еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының халық-ағарту ісінің үздігі, «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Әрі Алматы облысы «Іле ауданының Құрметті азаматы» атанды.

Біз Төрткен Кененқызының балалық шағы жайлы ой қозғағанымызда ағыл-тегіл сөйлеген қонағымыздың ойын бөлу мүмкін болмады. Осы жайлы Төрткен апайдан біле отырсақ:

- Атаның балалары өле беріп, Базар-Назар деп жылап жүргенде 1936 жылы мен дүниеге келіппін. Менен кейін Көркемжан, Бақытжан, Ақтамақ, Акбілек келіп, ата-анам бақытқа кенеліпті. Мені атам елу екі жасында көріпті. Атаның замандастары немерелі болған кезде ол кісі жаңа ғана балалы болған екен. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, әсіресе нағашы әжем кіндігімді балтамен кескізіп, «балтадай болсын» деп, төрт кемпір кіріп келсе оның астынан өткізіп, бір шал келсе оның астынан өткізіп, атымды Төрткемпірбіршал қойып, одан босағаға тұмаққа салып іліп қойып, әйтеуір өлтірмеудің амалын жасаған ғой. Бірінші Алла, екінші үлкендердің тілегі болуы керек, мен тірі қалыппын.

Әкем баланың үлкені болған соң қайда барса да, қасынан тастамайтын. Атпен жүрсе алдына мінгестіріп алады. Той-жиынның бірінен қалдырмайды. Қырықтықшыларға, шөпшілерге, егіншілерге барады. Солардың бәріне барып, халықтың көңілін көтеріп, жалқауларға «ұмтыл жалқау алға бас, ұмтыл,жалқау, ұйқыңды аш», деп, жақсыларды мақтап өлең айтады.

Халық қалаулылары Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Сәбит Мұқанов, Борис Ерзакович, Ғали Орманов, Иса Байзақов, Үмбетәлі ағалар келіп жатады. Әртістерден Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Рахия Қойшыбаева келді біздің үйге. Сонда әкем кім келсе де бір қойды сойып, қонақтарын қол қусырып күтіп, ризашылықпен аттандыратын. Сонда анамның кеңдігін айтсайшы, Ғабит аға келе жатса «ойбой, кербез қайным келіп қапты ғой», Тайыр Жароков келсе «ой, жаным, ерке қайным келіп қапты», Сәбит Мұқановпен түйдей құрдас еді, «ой, Сәбенім келіп қапты ғой», «Ерзакович келе жатса «ой, орыс қайным келіп қапты ғой» деп әрқайсысын еркелете білетін. Бәріне сыбағасын сақтап, ерекше сыйлап жіберетін. Біз атаның арқасында көптеген танымал адамдармен дәмдес болдық. Ал Алматыға келгенде Кенен атаны олар қонақ етеді. Әбділда Тәжібаев аға да біздің үйде болды. Біз үлкендердің әңгімелерін тыңдаймыз. Соны көріп өстік те әңгімеге, өнерге өте жақын болдым. Әкем төте жазумен жазушы еді, өлеңдерін қағазға көшіремін, газет-журналдарға апарып беремін, өзім Алматыдағы №12 мектепте оқыдым, атаның жарнасын Қазақстан Жазушылар Одағына, Композиторлар одағына әкеп төлеймін. Солардың ортасында қыздары сияқты жүрдім. Менің артымнан ұл балалар ерген соң ата-анам маңдайымнан қақпады, маңдайымнан шертпеді, -деп ойын бір қайырды.

Әке арманын ақтамақ оймен Төрткен Кененқызы өнер жолына түсуді армандады. Мектеп бітірген қыз ата-ананың ақ батасын алып, Алматыға жетті.

Төрткен: Мектеп бітірген соң мен консерваторияға оқуға түскім келді. Әкем «құдай берген дарыныммен маған да жол жоқ, ән десе ән шығарамын, күй десе күйлерім бар, мені аллатағала бесаспап етіп жаратты, сонда да кедергілер көп. Сенің мінезің соған келіңкіремейді. Басқа оқуға барсаңшы!» дейтін. Ол кезде консерваторияға музыкалық білімі бар адамдарды алатын.

Менде музыкалық сауат жоқ, мен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп кеттім. Оқып жүргенде Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының жанынан студия ашылды. КазПИ-де оқып жүрсем де сол жерге келіп емтихан тапсырдым. Әділқазылар арасында Күләш Байсейітова, ағайынды Абдуллиндер отыр екен. Маған бір ән айтқызды, бір роль ойнатты. Мен Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не ғылса да» деген әнін орындап беріп едім, бәрі риза болып қалды. «Енді бір роль ойнап берші» -деді. Мен отыра қалып көрпе көктеп бердім. Оларға ұнады, «енді бір тақпақ айтып бер»- деді. Мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім болам» деген өлеңін оқып бердім. Абитуренттердің ішінде Зейнеп Қойшыбаева, Сағина деген қыздар болды. Біраздан соң бізді шақырып алды. Күләш апай «Кененова, осы сен Кенен атаның қызы емессің бе?»- деді. «Иә» дедім. «Сен оқымағанда кім оқиды? Жалпы сен өнерлі адам екенсің, шырағым. Біздің студияға оқисың!»- деді. Содан соң мен «апай, мен КазПИ-де оқушы едім»,- деп едім. «Оқи бер, мынаны да, оны да оқы!», - деді. Медициналық тексеруден өткенде дәрігер «сен үнемі ән айтуға жарамайсың, сенің тамағың ауырады, ара-тұра айтып жүруіңе болады» - деді. Содан өнер деген арманым орындалмай қалды. Осыдан соң бірер жылдан соң Күләш апаны көріп қалдым, мен паркте сабақ оқып отырғанмын. Көре сала атып тұрып:

- Ой, апай, сәлеметсіз бе! - деп алдынан жүгіріп шықтым. Таныды.

- Сен неге оқымай кеттің?-деп сұрады.

- Дәрігер саған өлең айтуға болмайды деген соң кетіп қалдым,-дедім.

- Маған әлі де болса кел!-деді Соның арасында үшінші курста мен күйеуге шығып кеттім. Күйеуім әскери адам болды да менің әншілік жолым байланды. Бірақ мектепте, мұғалімдер арасында, радио-телеарналарда ән айтып жүргенде үнемі әкем Кенен Әзірбаевтың әндерін ғана орындадым. Өйткені атаның әндері әбден құлағыма сіңіп қалған, әлі күнге дауысы құлағымда тұрады. Әкем көзі тірісінде.

- Қалқам, әнші боларсың, болмассың, менің әндерімнің мұқам-сазын өзгертпей айтарсың! Шамаң келсе нотаға түсіріп, кітап етіп шығар! Менің оншақты әнімді халық білгенмен, қалғанын естіп көрген жоқ. Мұрам саған аманат!- дейтін.Кенекеңнің аяулы қызы Төрткенге айтқан өсиетінде:

Домбырамды сыйлаймын,

Аяулы қызым Төрткенге.

Ән-жырымды орындап,

Әке жолын күткенге.

Ерінбей айтып береді,

Келген менен кеткенге.

Құмар боп өстің жасыңнан,

Көпке қызмет еткенге.

Болса да бөлек тұрағың,

Жанымды ұққан құрағым,

Ризамын мен саған,

Өзгеше туған шырағым.

Мақам сазын өзгертпе,

Еліктеп-еріп басқаға.

Аманат саған ән-мұрам,

Домбыраңды тастама,- деген болатын ғазиз әке.

Домбыра мен қаламды жанына серік еткен Төрткен Кененқызы өмір бойы әке өнерін насихаттады. Оқу бітірген соң он бес жылдай орта мектепте ұстаздық етсе, 1975 жылдан Алматы облысы Іле ауданының орталығында халық ағарту, мәдениет орындарында қызмет етті. Ал 1999-2009 жылдары Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде Кенен атаның сыныбын ашып, біраз жыл тек қана Кенен Әзірбаевтың ел айтпаған әндерін үйретті. Гүлниза, Гүлжан, Данияр, Марта сынды қыз-жігіттер алдынан дәріс алды. Бірақ ол әншілер сахнадан, телеарналардан сирек көрінеді. Домбырамен ән айту- ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Соңғы кезде осы жанрға қамқорлық аз екені айдан анық.

Халық композиторы, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 125 жыл, 130 жыл толғаны ерекше аталып өтті. Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Кенен» ауылында мемориалдық мұражайы күрделі жөндеуден өтіп, үлкен конференция залын қосып, ішін кеңейтті. Мұражай қызметкерлері ғылыми-конференциялар ұйымдастырып, дарынды бабаның рухына бағыштап рәсімдер ұйымдастырып тұрады.

Төрткен Кененқызының бір қынжылатыны- әлі күнге арнайы көлік берілмеген. Мұражай қызметкерлері жаяулап-жалпылап ауданға, қалаға қатынайды. Осы жағы ескерілмей келеді,-дейді Төрткен апай.

Атаның мұражайы бір үлкен зал, екі кішкене бөлмеден тұратын, іші тар еді. Мерейтой қарсаңында үлкен конференция залын қосып, ішін кеңейтті.

Кенен атаның туғанына 125 жыл толуына орай мемлекет тарапынан Кенен Әзірбаевтың шығармаларының 5 томдық толық жинағы жарық көрді. Оның бір томы сурет альбомы.

Кенен атаның 90 жылдық тойын жасап жатқанда төрт томдық жинағы шықты. Содан Төрткен Кененқызының құрастыруымен «Аңыздар сыры» мен «Естеліктер» кітабы жарыққа шықты.

Соңғы 40 жылда Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде тұратын Мәдениет қайраткері, ардагер ұстаз Төрткен Кененқызы аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, Іле аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы қызметін қоса атқарады.

Астанада тұратын Бақытжан інісі екеуі «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» деген Кенен атаның әндері мен жырларынан жинақ шығарды.

Бүгінде ұл-қызынан немере қызығын көрген аяулы ана, жақсының көзі, алтынның сынығы Төрткен Кененқызы кеудесі толған қазына, ақылы дария, айтар әні қазақ даласына жеткен бақытты жан. 80 жасқа толып, той қарсаңында өткенге көз жүгірткен данагөй ана өміріне шүкіршілік етеді.

Алтын Иманбаева,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері