Әкелердің баласын музейге алып келетіні қуантады – әскери музей басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елімізде – отбасы күні! Отанды сүю отбасынан басталады. Осы орайда әскери отбасыдан шыққан, астаналық капитан Дәулет Қадыров әскери қызметке қалай келгенін айтып берді.

Дәулет Қадыров Абай облысы Ақсуат ауданының тумасы. 2015 жылы Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия университетін «Туризм менеджері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол ЖОО-да әскери кафедраны қоса аяқтап, 2015 жылы ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи музейге жұмысқа орналасқан. Қазір сол музейдің басшысы.
«Қызметімді экскурсия жүргізуші болып бастадым. 2015 жылы ресми ашылу салтанатында бұрынғы Президентке музей жұмысын таныстырдым. Қазір әскери-тарихи музейдің бастығымын. Жұмысқа конкурспен қабылдандым, 20-дан астам үміткердің ішінен таңдау маған түсті. Мені қабылдағаннан кейін екі аптадан соң музейдің ресми ашылу салтанатында тұңғыш Президентке экскурсия жүргізетінімді айтты. Әрине, қобалжыдым, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Ал қазір біздің музей еліміздегі әскери-тарихи бағыттағы тұңғыш әрі жалғыз мекеме», - деді Дәулет Қадыров агенттік тілшісімен сұхбаттаса отырып.

Оның айтуынша, әскери-патриоттық іс-шаралар өскелең ұрпақты отанды сүюге тәрбиелеуде маңызды. Музейдің мақсат, міндеті де сол – жас ұрпақты патриот болуға баулу.
«Көкірегі ояу, рухы биік ұрпақ қана мәңгілік елдің негізі бола алады. Мені ата-анам бала күнімнен адами қасиетті жоғалтпау керектігін айтып, адал қызмет етуге тәрбиелеп, өсірді», - дейді ол.

Әскери музей басшысының арғы аталары отан алдындағы борышын адал өтеп, майданға барған.
«Арғы атам білікті ұста болған, ол соғысқа (екінші дүниежүзілік) бармай тылда ұсталық шеберлікпен айналысты. Өзіңіз білетіндей, тылға қара жұмыс күші керек болды. Бірақ, арғы атамның туған ағасы соғысқа аттанып, сол жағынан із-түзсіз жоғалып кетті. Өз атам Қадыр майданға бармаған, себебі ол жас болды. Ал атамның бауыры Әшімді 17 жасында соғысқа алып кетеді, ол кісі де Берлинге дейін жетіп, елге аман-сау оралды. Әкем Төлеутай Ерғазин КСРО кезінде Қырғызстанда екі жыл әскери міндетін өтеген. Кейін Семей қаласындағы әскери қалашықта әскери қызметші болып еңбек етті, қазір зейнетте. Соған қарамастан сол азаматтық әскери міндетін атқарып жүр. Әкемді, отбасымды мақтан тұтамын. Одан бөлек, әкемнің туған інісі, аралары бір жас Асқар Ерғазин Ауған соғысына қатысқан. Негізі әкем мен бауырын бір майданға бір уақытта алып кеткен, әскерилерді бөлу кезінде әкемнің інісі Асқар Ауғанстанға баратын болады. Содан соң әкем бауырын майданға қимай, командирлерден мені жібер деп сұрайды, бірақ бұйрық шығып қойғандықтан әкеме рұқсат бермейді. Оның үстіне отбасының екі мүшесін бір жерге жіберуге болмайтын болып шыққан. Осылайша әкемнің інісі Асқар ауған соғысында (1985-1987 жж) барлаушы болған, ағам елге аман-сау оралды. Міне, менің отбасымның әскери қызметі осылай басталды», - деп есіне алды әскери маман.

Сондай-ақ, капитан Д. Қадыровтан бос уақытын қалай өткізетінін сұраған едік.
«Салауатты өмір салтын ұстанамын, әрине оның кепілі спорт. Одан бөлек, гитарамен ән айтқан ұнайды. Гитара шертіп әндететінім бар. Сонымен қоса КВН ойнайтын өнерім де бар. Мектеп кезінен әзілкеш қойылымдарға қатысып, кейін студент кезімізде біздің «Күлтегін» құрамасы 2015 жылы «Жайдарман» ойын-сауық жарысының жеңімпазы атанды. Жалпы шығармашылыққа бала күнімнен жақын болдым», - дейді ол.

Әскери-тарихи музей басшысын мансап қызықтырмайды, мақсаты – елге қызмет етіп, пайдалы болу.
«Бүгін отбасы күні, бұл маңызды, себебі отанды сүю отбасынан басталады. Мені қуантатыны әкелердің балаларын біздің музейге жиі алып келетіні. Бұл жер әке мен баланың уақыт өткізетін мекен болғанына разымын», - дейді Дәулет Қадыров.


