Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Ақылды Хуанхэ»: Қытайдың бас өзенін цифрлық технологиялар қорғайды

ҚЫТАЙ. ЛАНЬЧЖОУ. KAZINFORM – Қытай халқы Хуанхэ өзенін «өркениеттің бесігі» деп құрметтейді. Алайда ғасырлар бойы арнасынан асып, жойқын тасқындар туғызған өзенді табиғаттың тосын мінезіне бейімдеу оңай болған жоқ. Бүгінде Хуанхэнің жай-күйі цифрлық технологиялар арқылы тәулік бойы бақыланады. Автоматтандырылған стансалар су сапасын үздіксіз өлшеп, интеллектуалды жүйе кез келген өзгерісті бірден байқайды. Kazinform тілшісі Ланьчжоудағы экологиялық қорғау орталығында болып, «Ақылды Хуанхэ» жобасымен танысты.

ф
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

«Сары өзеннің» сыры неде

Хуанхэ – Қытайдағы екінші ең ұзын өзен. Ұзындығы 5,4 мың шақырымнан асатын су арнасы 9 провинцияны кесіп өтіп, Бохай теңізіне құяды. Қытай тарихындағы Ся, Шан және Чжоу сияқты ежелгі әулеттердің өркендеуі де осы өзен аңғарымен тығыз байланысты. Сондықтан қытай халқы Хуанхэні әлі күнге дейін «Ана өзен», «Қытай өркениетінің бесігі» деп құрметтейді.

ы
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Өзеннің қытай тіліндегі атауы «Сары өзен» дегенді білдіреді. Алайда бүгінде оның суы көбіне қоңырқай болып көрінеді. Бұл ластануды білдірмейді. Әу баста өзен Цинхай-Тибет қыратының Баянхар тауларынан мөлдір таза бұлақ күйінде бастау алады. Бірақ орта ағыстағы Лесс үстіртіне жеткенде өзенге жел мен жауын-шашын шайып әкелетін өте майда лесс топырағы араласады. Миллиондаған тонна шөгінді суға қосылып, өзенге өзіне тән сарғыш-қоңыр реңк береді. Бүгінде Хуанхэ жыл сайын жүздеген миллион тонна шөгінді тасымалдайтын, әлемдегі ең лайлы өзендердің бірі саналады.

Дәл осы шөгінділер ғасырлар бойы өзен арнасының өзгеруіне және ірі су тасқындарының болуына себеп болған. Сол себепті тарихи деректерде Хуанхэ өзені «Күллі Қытайдың анасы» әрі «Қытайдың қайғысы» деп аталады. Бүгінде Қытай үшін басты міндет – өзеннің табиғи түсін өзгерту емес, оның табиғи тепе-теңдігін сақтау. Осы мақсатта Хуанхэ алабында орман алқаптары көбейтіліп, топырақ эрозиясы азайтылып, ағынды сулар тазартылып, ең бастысы, өзенді басқарудың цифрлық жүйесі енгізілген. Ең ауқымды жобалардың бірі Ланьчжоу қаласында жүзеге асырылып жатыр.

Хуанхэнің «көзі мен миы»

Ланьчжоу – Хуанхэнің негізгі арнасы кесіп өтетін Қытайдағы жалғыз провинциялық орталық. Қала аумағында өзен 150,7 шақырымға созылып жатыр, оның 47,5 шақырымы шаһардың дәл ортасынан ағып өтеді. Сондықтан Хуанхэнің экологиялық жағдайы миллиондаған тұрғынның күнделікті өмірімен, ауыз сумен қамтамасыз етілуімен және қаланың тұрақты дамуымен тікелей байланысты.

а
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Осыған байланысты Ланьчжоуда бірнеше жыл бұрын «Ақылды Хуанхэ» цифрлық платформасы іске қосылған. Бұл жоба өзенді заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен тиімді басқаруға бағытталған. Ауқымды деректер, интернет және цифрлық шешімдер негізінде Ланьчжоуда интеллектуалды мониторинг жүйесі құрылған. Жоба мамандарының айтуынша, Хуанхэ өзеніне бейнелеп айтқанда «көз бен ми» орнатылған. Яғни датчиктер, бейнекамералар және талдау жүйелері өзеннің жай-күйін тәулік бойы бақылап, түскен ақпаратты жедел өңдеп, экологиялық сын-қатерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қазір Хуанхэ бойында және оның салаларында 19 толық автоматтандырылған су сапасын бақылау стансасы және 251 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Су құрамында болмашы өзгеріс байқалған сәтте-ақ жүйе оны бірден анықтап, тиісті шаралар қабылдайды. Әсіресе ауыз су көздерінің қауіпсіздігіне басымдық беріледі. Сонымен қатар өзенге ағынды су ағызылатын 3022 нүкте тексеріліп, ластаушы заттардың өзенге түсуіне жол берілмейді.

ы
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Ланьчжоу қалалық Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Чжун Сяоцянның айтуынша, жүйенің басты ерекшелігі – экологиялық қауіптің алдын ала анықталуы.

– Бұрын мамандар өзен бойын аралап, су сынамаларын қолмен алып, зертханаға жіберетін. Бұл көп уақыт алатын. Қазір барлық мәлімет автоматты түрде жиналып, жедел өңделеді. Егер су сапасында қандай да бір өзгеріс болса, жүйе оны бірден анықтап, жауапты қызметтерге хабар береді, – деді маман.

Автоматтандырылған стансалар судың негізгі бес физикалық көрсеткішімен қатар химиялық оттегі тұтынуы (COD), аммиак азоты, жалпы азот және жалпы фосфор сияқты маңызды экологиялық көрсеткіштерді де үздіксіз өлшейді. Осылайша мамандар өзеннің жай-күйін тәулігіне 24 сағат бақылап, өзгерістерді бірден байқайды.

– Хуанхэнің су сапасы оған құятын салалардың жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан Чжуанланхэ, Ваньчуаньхэ және Цайцзяхэ өзендерін тазартуға да күш салдық. Нәтижесінде салалардың су сапасы біртіндеп жақсарып, Ланьчжоудан шығатын тұстағы Хуанхэ суы экологиялық талаптарға тұрақты түрде сай болып келеді, – дейді Чжун Сяоцян.

Цифрлық технология табиғатты қорғай ала ма

Ланьчжоуда енгізілген цифрлық бақылау жүйесі өзеннің жай-күйін қадағалау тәсілін түбегейлі өзгертті. Бұрын су сапасы негізінен мамандардың жоспарлы тексерулеріне тәуелді болса, қазір бақылау тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі. Автоматтандырылған стансалар мен бейнебақылау жүйесі өзендегі кез келген өзгерісті бірден тіркеп, жауапты қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

ы
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Чжун Сяоцянның айтуынша, жоба өзеннің табиғи сипатын өзгертуге емес, оның экожүйесін сақтауға бағытталған.

– Хуанхэ ғасырлар бойы табиғи ерекшелігіне байланысты сарғыш-қоңыр түсте ағып келеді. Біздің мақсат – оның түсін өзгерту емес, су сапасын жоғары деңгейде сақтап, төменгі ағысқа таза су жеткізу. Цифрлық мониторинг соған мүмкіндік беріп отыр, – дейді ол.

Бүгінде мемлекет пен провинция бақылауындағы барлық учаскеде су сапасы тұрақты түрде «жақсы» және «өте жақсы» деңгейде бағаланады. Барлық ауыз су көздері экологиялық талаптарға сәйкес келеді, ал Ланьчжоудан төмен қарай ағатын Хуанхэ суы Қытайдың жерүсті суларына қойылатын ІІ санаттағы ұлттық стандартқа сай.

Ланьчжоу тәжірибесінің басты нәтижесі тек осы көрсеткіштермен өлшенбейді. «Ақылды Хуанхэ» жобасы табиғатты қорғауда цифрлық технологиялардың жай ғана қосымша құрал емес, экологиялық басқарудың маңызды тетігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Автоматтандырылған мониторинг жүйесі мамандарға қауіптің салдарымен күресуден бұрын, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Осылайша, мыңдаған жыл бұрын Қытай өркениетінің қалыптасуына негіз болған Хуанхэ тағдырын табиғаттың өзі ғана емес, тәулік бойы бақылап тұрған цифрлық технологиялар да қорғап келеді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты нығайтып келеді. Бұған дейін Kazinform тілшісі Ганьнань-Тибет автономиялық округінің туристік әлеуетіне шолу ұсынған еді.

Сондай-ақ Қытай 300 жылдық Лабранг ғибадатханасын жаңғыртып, мәдени мұраларды реставрациялауға басымдық беріп келеді.