Әкімдердің «Жұмыспен қамту жол картасының» мәнін білмегені Үкіметті алаңдатты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл және алдағы жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында зор міндеттер тұр. Себебі, Елбасы биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселелері бойынша бірқатар маңызды тапсырмаларды жүктегені белгілі. Осы орайда бұл жұмыстарға жауапты ведомстволар жалақы, шәкіртақы, жәрдемақы көлемдерін арттыру бойынша тиісті есеп-қисап жұмыстарына кірісіп те кетті.
2015 жылы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл жаңа үлгіге сәйкес, еңбекақы төлемі білім деңгейіне, біліктілігіне, сондай-ақ орындалатын жұмыстардың қиындығы мен жауапкершілік дәрежесіне байланысты болмақ. Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, азаматтық қызметшілердің лауазымдарын 4 санатқа бөлу ұсынылады, яғни онда басқарушылық, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық қызметкерлер болып сарапталады. Сонымен қатар, министр қызметкерлердің белгілі бір санаттары бойынша қызметтік айлықты есептеу үшін коэффициенттер себетін дифференциялау, қосымша төлем мен үстеме төлемдер жүйесін реттеу қарастырылып отырғандығын жеткізді.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова биылдың 15 мамырына дейін азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін енгізуге қажетті қаржы көлемі анықталуы тиіс екенін қадап айтты. Оның пайымынша, республикалық бюджет қабылданғанша қажетті қаржыны алдын ала есептеп қою керек. «15 мамырға дейін қосымша қаржының көлемі анықталуы тиіс, ал 1 тамызға дейін нормативтік актілер толығымен дайын болуы қажет», - дейді Г.Әбдіқалықова.
Жалпы министрліктің мәліметіне сүйенсек, бүгінде еңбек етуге қабілетті қазақстандық азаматтардың 95 пайызында жұмысы бар көрінеді. «2013 жылы әлеуметтік саланың негізгі базалық көрсеткіштерінің оң нәтижесіне қамтамасыз етуге қол жеткіздік. Жұмыспен қамту деңгейі өсті. Жалақы, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды арттыру бойынша да жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Экономикалық қызметтің барлық түрлері тұрғысында орташа айлық жалақы 108 мың теңгеден асып, 2012 жылғы деңгейден 7,5 пайызға артты», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 4 миллионға жуық адам әлеуметтік төлем түрлерін алды. Балалы отбасыларды қолдау шаралары бала туу санының артуына оң ықпал етті. Соңғы 10 жыл ішінде бала туу саны 1,5 есеге өскен. Екі жүз мыңдай отбасы 4 және одан көп бала тәрбиелеп отыр.
Бұған қоса, Тамара Дүйсенова Жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылуы барысына тоқталды. Бағдарлама аясында былтыр жүгінген азаматтардың 62 пайызы жұмыспен қамтылған екен. Оның алдында бұл көрсеткіш 40 пайыздан аспаған болатын.
«Өткен жылы жалдамалы жұмысшылардың саны 165 мың адамға немесе 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артты», - деді министр. Сонымен қатар ол былтыр өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны төмендегенін атап өтті.
Т. Дүйсенованың айтуынша, 2013 жылы өңдеу және қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамту деңгейі артты. Сонымен қатар еңбекпен қамтылғандар құрамында жастардың үлесі жоғарылауда.
Атап айтқанда, еңбек нарығындағы оңтайлы өзгерістер ҮИИД МБ, мемлекеттік салалық, сондай-ақ өңірлік бағдарламалардың, бизнестің жеке бастамаларының және де 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жақтан Жұмыспен қамту бағдарламасының орындалуымен байланысты. Бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 267 мың адам қамтылған, оның ішінде - 83 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 168 мың жұмыссыздар, 16 мың аз қамтылғандар.
Дегенменде жұмысқа орналасып алып, кейін жалақысын өндіре алмай жүргендер жоқ емес. Әлемдік қаржы дағдарысы жылдарына қарағанда қазіргі ахуал біршама түзелгенімен, кейбір кәсіпорындар өздерінің жұмысшыларына заңды еңбекақысын бере алмайтындай сыңай танытуда. Өткен жылдың басына қарай 92 кәсіпорынның 9 мың жұмысшының алдындағы жалпы қарызы 1 миллиард теңгеден сәл астам болды. 2013 жылдың барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары 793 кәсіпорында 4,3 миллиард теңге көлеміндегі жалақы берешегін анықтаған көрінеді.
Осы бағытта Әділет пен Қаржы министрліктері, Бас прокуратура және әкімдіктермен бірлесе атқарылған жұмыстардың арқасында қазіргі уақытта 46 мың жұмысшының алдындағы 4,7 млрд. теңге сомасындағы берешекті өтеп берді.
«Биылғы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 738 миллион теңге көлеміндегі жалақы қарызы 74 кәсіпорынға тиесілі болды», - деді министр. Осы орайда, жалпы қарыздың көлемінде Алматы қаласының үлесі 23 пайыз, ал Қарағанды облысының үлесі 18 пайызға жуық деңгейде. Сонымен қатар, еңбекақы бойынша Ақтөбе және Алматы облыстарында берешек жағдайлары тіркелмеген.
Осыдан соң министр ауыр өндіріс орындарындағы жұмыс ахуалына ойысты. Өндірістерде зиянды және қауіпті жағдайда елеулі көлемдегі жұмыс орындары сақталуда. Кәсіпорындарда жыл сайын 2 мыңнан астам жұмысшы жарақат алуда, сондай-ақ кәсібі бойынша дертке шалдығу көрсеткіштері артып келеді екен. Бұл тұрғыда биылғы жылдың өзінде қайғылы оқиғалардың жоғары деңгейі бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы жағдай ерекше алаңдатады. Статистика мәліметіне қарағанда, жыл сайын зиянды жағдайда еңбек етуге байланысты шараларға өтемақы көлемі 70 млрд. теңгені қамтып отыр.
Алқа мәжілісін қорытындылаған Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның еңбек нарығы дамуының бесжылдық болжамы әзірленетінін атап өтті. «Осы жылдан бастап, біз Мемлекет басшысының тапсырмасына орай еңбек нарығының дамуының бесжылдық болжамын әзірлеуді қамтамасыз етуге тиістіміз. Мұндай жұмысқа ауқымды түрде алғаш рет кірісіп отырмыз. Бұл мәселе 2015-2019 жылдарға арналған еліміздің үдемелі индустриалды-иннвациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу барысында ерекше өзекті. Ағымдағы жылдың мамырында бізде бесжылдыққа арналған жаңа жоба болуы тиісті», - деді Г.Әбдіқалықова.
Мұнымен қоса вице-премьер аудан әкімдері «Жұмыспен қамту» бағдарламасының түпкі мәнін білмейді деп атады. Оның сөзінше, Үкімет жұмыспен қамту мәселесіне жіті назар аударып отыр. Мәселен, өткен жылы «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасының жол картасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Ағымдағы жылы оны жүзеге асыруға 98,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. «Жергілікті жерлерде аудан, қала әкімдерінің «Жұмыспен қамтудың жол картасының» нормативтік, құқықтық базасын білмейтіндігі турасында фактілер анықталды. Біз ауыл әкімдерімен ауқымды семинарлар өткіздік, орындарын тұрғызып сауалдар қойдық. Аудан әкімдері көп жағдайда «Жұмыспен қамту жол картасының» мәнін біле бермейді», - деп түйді вице-премьер.