Ақын Жадыра Дәрібаева Президент атынан мемлекеттік награда алды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ақын Жадыра Дәрібаева «Парасат» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік награда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін берілді.
Бүгін ақынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап құттықтап, оның қазақ әдебиетінің дамуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.
— Өз кезегінде Жадыра Дәрібаева Мемлекет басшысына еңбегіне берілген жоғары баға мен мәдениет және өнер қызметкерлеріне көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін алғыс білдірді. Ақын мәдениет қайраткерлеріне көрсетілетін құрмет отандық әдебиеттің дамуына, рухани мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға серпін беретінін айтты, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Парасат» ордені ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер салаларын дамытуға, елдің рухани әрі зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Бұдан бұрын Алматыда Президент атынан мәдениет қайраткерлеріне 60 пәтер табысталғанын жазған едік.