Әкім: Астананы жылыту маусымына дайындау жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы жайлы жазды.

жылыту маусымы
Фото: Астана әкімдігі

Шаһар басшысы атап өткендей, жылу беру маусымы аяқталысымен-ақ, жылумен қамтамасыз ету нысандарын алдағы маусымға дайындау жұмыстары басталып кеткен.

— Қалада өмір сүру сапасы көптеген факторға байланысты. Ал оның ішінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандардың жұмысы маңызды рөл атқарады. Жылу беру маусымы аяқталысымен-ақ, жылумен қамтамасыз ету нысандарын алдағы маусымға дайындау жұмысына бірден кірістік. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовпен және премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаевпен бірге тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысын тексердік. Осылайша, энергия көздеріне қатысты 2 қазандық пен 2 турбинаға күрделі жөндеу, ал 18 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Жөндеу жұмысы қатаң түрде кестеге сай жүріп жатыр, — деді қала әкімі.

Роман Скляр проверил подготовку энергосистем Астаны к отопительному сезону
Фото: Үкімет

Жеңіс Қасымбектің сөзінше, сол сияқты қазір «Астана-Теплотранзит» АҚ аясында қаланың жылу желісінің 1,5 км-ның 1,2 шақырымы жөнделді, ал 4,1 км желі реконструкциядан өтті. 

— «QazaqGazAimaq» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында газ тарату желісінің 5 учаскесіндегі шеңберлік қосылым құрылысына арналған құрылыс-монтаж жұмысы, сондай-ақ Телман тұрғын алабы және басқа да аумақтарда ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ тарату желісінің құрылысы жүргізіледі. Осыған дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының іске қосылуының арқасында қаланың жылу қуаты 30 пайызға артты. Аталған нысандар қалаға қосымша сағатына 1100 Гкал жылу қуатын беріп отыр. Биыл «Тұран» станциясының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Телман» станциясының құрылысы жалғасып, ЖЭО-2 нысанын кеңейту жұмысы басталады, сол сияқты «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының жобалау кезеңі қолға алынады. Осы жобалардың бәрін іске асыру 2035 жылға дейін жоспарланған жылу энергиясы қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Қасымбек.

жылыту маусымы
Фото: Астана әкімдігі

Бұдан бөлек, ЖЭО-3 нысанының бірінші кезеңін резервтік отын көздерімен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. ЖЭО-3 табиғи газбен жұмыс істейді және сағатына 440 Гкал көлемінде ең жоғары қуат өндіреді. Берілетін жылу энергиясы елорданың оңтүстік-батыс бөлігінің қажетін өтеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Арай» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның іске қосылуы биылға жоспарланған. Бұл қосалқы станция Ұлы дала даңғылы мен Айтматов көшесінің бойындағы қаланың оңтүстік-батыс бөлігін электрмен жабдықтайды.

жылыту маусымы
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар, «Астана-РЭК» АҚ инвестициялық бағдарламасына 54,6 км әуе және кабель желілеріне, 73 трансформаторлық қосалқы станция мен тарату пунктеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы кіреді.

Осыған дейін елорда әкімдігі Талдыкөл маңындағы бетон зауыты туралы ақпаратты теріске шығарды.

Соңғы жаңалықтар