Әкімдіктерге педагог мәртебесіне қатысты талаптарды тағы да түсіндіру керек - министр

АСТАНА. KAZINFORM – «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін пән мұғалімдерінің тапшылығы мен олардың жалақысы мәселесі шешілді ме? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді.

педагог
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Жалпы, мұғалімдердің айлығы екі еседен астам өсті. Оны мұғалімдердің өздері де айтып жүр. Екіншіден, мұғалімдердің құқын қорғауға қатысты тоқталсақ, осыдан 4-5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, құқық бұзу деректері бірнеше есе азайғанын айту керек. Қазір ара-тұра осындай жағдай кездесіп жатады. Осыған қатысты өңірлердегі әкімдік өкілдерін қайта жинап, педагог мәртебесіне қатысты заңды егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Сондықтан биыл тамыз айында осыны ескеріп, тағы да түсіндіреміз, - деді Ғ.Бейсембаев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе сапалы кадрларды даярлауға қатысты жұмыс істеп жатыр.

- Былтырдың өзінде 14 мың студент мектепте жұмысқа қабылданды, ал сұраныс 8 мың болған. Осы орайда қазір жас мұғалімдердің саны артты. Сондай-ақ зейнет жасындағы мықты мұғалімдер де бар, олардың саны 5 пайыздан аз, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ғани Бейсембаев жекеменшік мектептердегі кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті ережені қабылдау жоспарланып отырғанын айтты. 

Айта кетейік, мұғалімдерді артық жұмысқа тарту күрт төмендеген. 

Соңғы жаңалықтар