Ақмола облысында 20 адамды алдап, 45 млн теңгеден астам шығын келтірген әйел сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Степногорск қаласында тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, азаматтардан ақша алған әйел сотталды.
Степногорск қаласының прокуратурасы ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айыпталған қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.
Тергеу материалдарына қарағанда, әйел 2023-2024 жылдары пайдакүнемдік мақсатпен азаматтарды алдап, олардың сенімін пайдаланып, тұрғын үй сатып алуға жәрдемдесуге уәде берген. Алайда оның өз міндеттемелерін орындауға ниеті де, нақты мүмкіндігі де болмаған. Соған қарамастан, тұрғындардан ақша алып, оны өз мақсатына жұмсаған.
— Салдарынан 20 адам жәбірленуші деп танылып, оларға жалпы сомасы 45 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген, — делінген хабарламада.
Сотта әйелдің қылмыс жасағаны дәлелденді.
Степногорск қалалық сотының үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды мәміле жасасу кезінде, әсіресе тұрғын үй сатып алуға қатысты мәселелерде, сақ болуға үндеді. Қызметтің шынайылығын, тұлғалардың өкілетін және ақша алуға заңды негіздерінің бар-жоғын тексеру қажет.
Прокуратура сондай-ақ тиісті құжаттары мен заңды кепілдіктері жоқ болса да, тұрғын үй мәселесін тиімді шарттармен шешуге уәде беретін адамдарға сенбеуге шақырды. Мұндай ұсыныстар алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда студенттерді жоғары баға алып беремін алдаған алаяқ сотталғанын жазғанбыз.