Ақмола облысында 3 жыл бойы алимент төлеуден қашып жүрген борышкер жазаланды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Зеренді ауданы прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларының алиментін төлеуден қашып жүрген азаматқа қатысты қылмыстық істі тіркеді. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

алимент
Фото: Freepik

— Мәселен, алимент төлеуге нақты мүмкіндігі бар азамат «Ж» 3 жыл бойы өз міндеттемелерін орындамаған. Қарыз шамамен 3 миллион теңгеге жеткен. Алайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін тиісті қорытынды жасамай, борышкер бейресми жұмысқа орналасу арқылы өзінің нақты табысын жасыра отырып, кәмелетке толмаған балаларды асырауға қаражат төлеуден жалтаруды жалғастырды, — деп хабарлады прокуратурадан.

Сот үкімімен борышкер ҚК-нің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 300 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.

—  Алименттік міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратураның тұрақты бақылауында, - деп ескертті құзырлы орган.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында алимент бойынша 8 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар