Щучье көлі жағалауындағы 53,4 млн теңгенің жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бурабай ауданы прокуратурасының бастамасымен Жер ресурстарын басқару департаменті «Кипрос» ЖШС-нің пайдалануындағы жер учаскесіне иелік ету заңдылығына тексеру жүргізілді.

Тексеру барысында серіктестік 2012 жылдан бері Щучье көлі жағалауында орналасқан 3 гектар жер учаскесін иеленіп келгені анықталды.
Жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, 10 жылдан астам уақыт бойы жер учаскесі игерілмеген, құрылыс жұмыстары басталмаған.
Ақмола облысының прокуратурасы мәліметінше, 2023 жылы жер пайдаланушыға учаскені игеру туралы міндетті нұсқама берілген, алайда 2024 жылы ешқандай шаралар қабылданбаған.
Тексеру нәтижелері бойынша департамент сотқа жүгінді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен кадастрлық құны 53,4 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті.
Қолданыссыз жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр және аудан прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, жер комиссиясы мемлекетке 12,8 млн гектар жерді қайтарды.