Ақмола облысында кәсіпорыннан 25 млн теңге жымқыру фактісі тергеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Полиция Ақмола облысының Қосшы қаласындағы кәсіпорындардың біріне тиесілі аса ірі көлемдегі ақшалай қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2023-2025 жылдар аралығында жергілікті ЖШС-лердің бірінің қаражаты сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету жолымен жымқырылып, кейін үшінші тарап ұйымының есепшоттарына аударылған болуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, келтірілген шығын көлемі — шамамен 25 млн теңге.
Қазіргі уақытта тергеушілер қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттерді жүргізіп, тиісті сот сараптамаларын тағайындады. Сондай-ақ қаржылық құжаттар мен ақша қаражатының қозғалысы зерделеніп жатыр.
— Іс бойынша қылмысқа қатысы болуы мүмкін тұлғалар анықталып, олардың әрекетіне сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында құқықтық баға беріледі, — делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Астанада көлік салонынан ақша жымқырған күдікті ұсталғанын хабарлағанбыз.