Көкшетауда танысының депозитіндегі ақшаны иемденген күдікті оны құмар ойынға жұмсаған
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Көкшетау қаласында ұялы телефон мен ірі көлемдегі ақша қаражатының жоғалуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
10 шілде күні Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, iPhone 15 ұялы телефоны жоғалып, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2,6 млн теңге болған.
Тергеу барысында полицейлер жоғалған телефонда банктік қосымша орнатылғанын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленушінің депозиттік шотында шамамен 2 млн теңге болған.
— Оқиғаға дейін 2007 жылы туған жас жігіт танысымен бірге уақыт өткізген. Келесі күні таңертең ол танысына хабарласа алмаған. Осыдан кейін телефонының жоғалғанын және депозиттік шотындағы ақшаның шешіліп алынғанын байқаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтады, — делінген полиция таратқан хабарламада.
Алдын ала ақпаратқа қарағанда, күдікті ақшаны құмар ойынға жұмсап, түгел ұтылып қалған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес, қолданыстағы заңнамаға сай процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында бухгалтер 106 млн теңге бюджет қаржысын құмар ойынға жұмсаған.