Ақмола облысында оқулықтарды жаңартуға қаржы жетіспейді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бұл мәселе ішкі резервтер есебінен шешілетінін нақтылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Мәселе Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі кезекті комиссия отырысында көтерілді.
Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сәйкес, алдағы жылы 3–4, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтарды ауқымды жаңарту жоспарланып отыр.
3–4-сынып оқушылары үшін екі тілдегі оқыту бойынша жеті пәннің оқулықтары жаңартылады. 7-сыныпта тек дүниежүзі тарихы пәнінің оқулығы жаңартылады. Ең үлкен өзгерістер 8-сыныпқа қатысты болады: оқу бағдарламаларының қайта қаралуына байланысты 13 пәннің оқулықтары жаңартылады. Ал 9-сыныпта 10 пән бойынша оқулықтар жаңарады.
— Сонымен қатар оқулықтарды жаңарту елеулі қаржылық мәселемен байланысты. Жалпы қажеттілік 3 млрд 73 млн теңгені құраса, облыстық бюджетте небәрі 1 млрд 255,4 млн теңге ғана қарастырылған. Тапшылық көлемі — 1 млрд 818,2 млн теңге. Облыстық немесе республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі шұғыл қарауды қажет етеді және тиісті бюджеттік өтінім берілді, — деді спикер.
Қаражат тапшылығы бюджеттің мектеп әдебиеттерін ауқымды жаңарту қажеттілігі жарияланғанға дейін бекітілгенімен байланысты.
Отырысқа қатысқан өңірдің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері бұл мәселе ішкі резервтер есебінен шешілетінін түсіндірді. Сондықтан жаңа оқу жылына дейін мәселе толық шешімін табады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көру қабілеті бұзылған балаларды оқулықпен қамтуға 879 млн теңге бөлінеті туралы жазған болатынбыз.