Ақмола облысында жануарлардың адамға шабуылы жиілеп барады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтар айының басынан бері облыста жануарлардың адамға шабуылдаған 44 жағдайы тіркелді.
Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Серік Омарханов эпидемиологиялық жағдайға қатысты пікір білдірді.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сараптама департаментінің мәліметінше, былтыр 12 айда жануарлардың адамды тістеуі бойынша шағымдары 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 544 жағдайға немесе 21,9% өскен. Жыл бойы 2481 адам медициналық көмекке жүгінген.
— Өтініштердің басым бөлігі Көкшетау қаласына тиесілі — жалпы санның 24,1%. Мәселен, 2025 жылдың 12 айында Көкшетауда 600 шақыру тіркелсе, оның 194-і (32,3%) балалар мен жасөспірімдерден болған, — деді Серік Омарханов.
Өтініш білдіргендердің ішінен 2481 адам вакцинациялауға тағайындалды, 2472 адам (99,6%) екпе алды, оның ішінде 1639 адамға (66,3%) антирабиялық вакцина салынса, иммуноглобулин және антирабиялық екпе 833 тұрғынға (33,7%) егілді.
Бұл ретте 963 өтініш білдіруші — ауыл тұрғындары. 2025 жылы өтініш бергендердің ең көп пайызы 6-14 жас аралығындағылар болды — 673 (27,1%).
2026 жылдың қаңтар айының басынан бері облыста адамды тістеудің 44 дерегі тіркелген.
— Олардың 59%-ын ит қапқан, 38,6%-ын мысық тырнап, тістеген. Шақырулардың басым бөлігі Көкшетау қаласынан — 12 жағдай (27,2%). Оның төртеуі балалар мен жасөспірімдер арасында, сегізі ересектер арасында тіркелді, — деп қосты облыстың бас санитарлық дәрігері.
Көмек сұрағандардың ең көбі 46 жастан асқан адамдар арасында тіркелді. Бұл бойынша 14 дерек болса, 6-14 жас аралығындағы балалар арасында 12 жағдай анықталды. 18-25 жас аралығындағы жастар арасында 5 жағдай, 36-40 жастағылар — 4, бес жасқа дейінгілер арасында үш жағдай тіркелсе, 15-17 жас аралығында — екі, 26-30 жаста — екі, 31-35 жас аралығында — бір, 41-45 жас аралығындағы бір адам көмек алды.
Айта кетейік, ШҚО-да түз тағыларын құтыруға қарсы вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатыр.