Ақмола облысының әкімі өңірдегі астықтың рекордтық өнімділігінің құпиясын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында өңірдегі рекордтық деңгейдегі астық шығымының құпиясын айтты.

Марат Ахметжанов
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Ең алдымен ауа райы әсер етті. Осындай ауа райына байланысты тиісті түсім алып отырмыз. Өкінішке қарай, кейбір облыстарда қар да жауды. Ондай жайттар астықты дер кезінде жинауға, оның сапасына кедергісін келтірді. Бүгінгі таңда егіс алқабының 80 пайызы орылды. Ақмола облысын отандық ауыл шаруашылығының жүрегі деп айтуға болады. Өйткені елдегі ең үлкен егіс алқабы біздің өңірде. Биыл біз 5,5 млн гектарға тұқым септік. Соның 80 пайызын орып, 6 млн тоннадан астам астық жинадық. Өнімділік гектарына 16 центнерден айналды. Жиналған астықтың 75 пайыздан астамы — 3-класс және одан жоғары сұрыпты. Мұны тауарлы астық дей аламыз. Қамырға жарамды астыққа шетелде де сұраныс жоғары. Егін ору науқанын 1-2 аптаның ішінде аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, — деді әкім.

Сондай-ақ ол облыс диқандарына биыл 118 млрд теңге жеңілдетілген несие берілгенін атап өтті.

— Бұл дегеніміз — 1000 шаруа қожалығына дер кезінде көмек берілді деген сөз. Уақытылы берілген көмектің әрқашан берекесі, нәтижесі болады. Астықтың уақытылы жиналуы да қаражатқа байланысты. Бұрын да мемлекет тарапынан көмек болып тұрған. Бірақ жүйесіз, тиімсіз ұйымдастырылатын. Көмектің кешігіп келетіні егін науқанының әрбір кезеңіне кедергі келтіреді. Биыл тарихта болмаған қолдау көрсетілді. Жаңа айтқан 118 млрд теңгенің бәрін уақытында алдық. 47 млрд теңгеге 5 пайыздық лизинг арқылы техникаларымызды жаңарттық. Бұл 7 жыл мерзімге, 2 жыл каникулымен берілді. Ал тыңайтқышқа кететін шығынның 60 пайызын мемлекет төлеп берді. Соның арқасында өткен жылдарға қарағанда тыңайтқышты 3 есе көп септік. Жиын-терін науқаны кезінде 94 мың тонна жанармайды жеңілдетілген бағамен алдық. Қазір нарықтағы 1 тонна жанармайдың бағасы 300 мың теңге болса, біз шаруаларға 254 мың теңгеден бердік. Осының бәрін уақытында орындадық, — деді Марат Ахметжанов.

Еске салса кетсек, бұған дейін еліміз бойынша 20,8 млн тонна астық бастырылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар