Ақмола түрмесіндегі азаптау ісі: 12 қызметкер сотта жауап беріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Сағдат Сейітова мен алқабилердің қатысуымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
Еске салайық, қылмыстық қудалау органының мәліметінше, ҚАЖК қызметкерлері Атбасар қаласындағы № 1 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға қатысты ҚК 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы «азаптау» бабы бойынша айыпталып отыр.
Келесі сот отырысы прокурордың бір сотталушыға қатысты «тыйым салынған тергеу әдістерін қолдану» жөніндегі жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялауынан басталды. Сотталушының айтуынша, оны қорғаушысыз куә ретінде сұрау кезінде Ақмола облысы прокуратурасының қызметкері тергеуге «жол бермегені» үшін «жабамын» деп қорқытқан. Осыған байланысты ол кейін өзін күдікті ретінде сұрау барысында да қысым болады деп қауіптенген. Алайда арнайы прокурор ер адамнан алынған жауап бейнетіркеумен және заң талаптарына толық сәйкес жүргізілгенін айтты. Прокуратураның мәлімдеуінше, тексеріс барысында қысым көрсету фактісі расталмаған.
Содан кейін сотталушылардан жауап алуға көшті. Солардың бірі 2023 жылдың тамыз айында № 1 мекеменің жедел уәкілі қызметін атқарған, бүгінде жұмыстан босатылған. Айыпты мойындамады. Сотталушының айтуынша, 2023 жылғы 21-нен 22 тамызға қараған түні мекемеге көпсанды сотталғандар легі жеткізілген. Ол сол уақытта постта тұрған. Оның сөзінше, автозак есігі ашылған сәттен бастап жаңадан келгендерге барлық тәртіп түсіндірілген, кейін олар рентгенге жеткізілген. Одан соң бәрін саппен асханаға алып барып, жеке-жеке тексеріп, карантин бөліміне орналастырған. Сонымен қатар ол кезде сотталғандарға заңсыз әрекет жасалмаған. Этап келмей тұрып, нақты кімдердің жеткізілетіні немесе оларға күш көрсету қажеттігі жөнінде ешқандай нұсқау болмаған. Сол уақытта сотталғандардың тарапынан да қандай да бір шағым түспеген.
22 тамыз күні де шағым болмаған. Сол күні прокурормен бірге мекемені аралау жүргізілген. Ал 23 тамызда тінту болып, сотталғандардың бөлмелері мен кереуеттері тексерілген. Сотталушы өз сөзінде карантин ғимаратына кірмегенін, бірақ алдыңғы күні келген сотталғандардың шағымданып жатқаны туралы естігенін айтты. Оның сөзінше, сотталғандар тәртіпке бағынбай, агрессивті әрекет көрсеткен. Оқиға болған сәтте де ол карантин бөлімінің ішінде емес, дәлізде тұрған. Арнайы құрал қолдану фактісін өз көзімен көрмегенін, тек кейін естігенін жеткізді.
Сот барысында сотталушыға бірқатар нақты сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, «коридорда сотталғандарды айқайлап доклад жасауға мәжбүрлеу, біреуінің бетінен ұру, қолды оның киіміне сүрту, сондай-ақ басынан соққы беру фактілері жөнінде не айта аласыз?» деген сауал қойылды. Сондай-ақ оған «мекеме қызметкерлерінің сотталғандарға қол жұмсағанын көрдіңіз бе?» деп те сұралды.
— Ондай әрекеттер жасаған жоқпын, көрген жоқпын, — деп жауап берді айыпталушы.
Іс материалдары бойынша, оған бірнеше эпизод тағылған. Адвокаттың айтуынша, «шайхана» бөлмесінде екі сотталғанды ұрып-соғу, карантин бөлімінің бастығының кабинетінде «ынтымақтастық туралы» қолхат алуға мәжбүрлеу, бас тартқаны үшін басынан ұру, санитарлық торапта унитаз ішін жудыру секілді айыптар бар. Алайда сотталушы бұлардың ешқайсысын мойындамай, карантинге кірмегенін, сотталғандармен жанжалы болмағанын, неге өзін көрсеткендерін түсінбейтінін айтты.
Камералардың қағазбен жабылғанын да байқамаған.
Оқиғадан кейін аудан прокуроры арнайы құралдарды қолдану «заңды болды» деген қорытынды шығарған. Алайда бұл шешімді кейін облыстық прокуратура жойған.
— Тазалық жүргізуден бас тарту — арнайы құрал қолдануға негіз бола ма? — деп сұралды.
Сотталушы өз кезегінде бұл әкімшіліктің заңды талаптарына бағынбау, 60-бап… нақты тармағын есіне түсіре алмай тұрғанын айтты.
Сонымен қатар айғақтарды қарау кезінде жедел-тергеу тобы қызметкерінде бейнежазбалар мен жүйелік дисктердің болмағаны анықталғандықтан, оны жауапқа шақырмаған — бұл бөлек тергеуді талап етеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желіге тараған видеоны анықтаған Ақмола облысы прокуратурасының өкілі де жауап берді. Дегенмен оқиға өткеніне көп уақыт болғандықтан, егжей-тегжейлі мән-жайды есіне түсіре алмады. Видеоның 3 қыркүйек, жексенбі күні тіркелгені де сұрақ тудырды.
Бұған дейін, Ақмола Қылмыстық-атқару жүйесінің 12 қызметкерінің соты бойынша куәгерлерден жауап алынып жатқанын жазғанбыз.