Әкімшілік соттарға конституциялық құқықтық мәртебе беру ұсынылды – Әділет министрі
АСТАНА. KAZINFORM - Конституцияда сот билігін әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асыралатынын тікелей көрсету ұсынылды. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.
- Қазақстанда 2021 жылдан бастап мамандандырылған әкімшілік соттардың енгізілуі құқық үстемдігі қағидатын нығайту мен мемлекет пен азамат арасындағы нақты тепе-теңдікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды. Осыған байланысты Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асыралатынын тікелей көрсету ұсынылады. Тиісті түзетуді Конституцияға енгізу әкімшілік соттарға конституциялық-құқықтық мәртебе беріп, жария құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады әрі қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайтады, - деді Е.Сәрсембаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы басталды. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты түскен ұсыныстарды талқылауға арналды.
ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті.