Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ 30 қыркүйекке дейін Ирактан әскерін толық шығарады

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон мен Бағдад екіжақты қарым-қатынастың жаңа форматына көшетінін растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

АҚШ 30 қыркүйекке дейін Ирактан әскерін толық шығарады
Фото: x.com / @IraqiPMO

Америкалық әскери қызметшілер 30 қыркүйекке дейін Ирак аумағынан толық шығарылады. Бұл туралы Ирак Премьер-министрі Әли әз-Заиди Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі барысында мәлімдеді.

— 30 қыркүйекте америкалық әскер Ирактан кетеді, ал америкалық компаниялар Иракқа келеді, — деді Ирак Үкіметінің басшысы.

Дональд Трамп та АҚШ-тың елдегі әскери қатысуын аяқтау жоспарын растады.

— Бізге енді ол жақта әскери күш ұстаудың қажеті жоқ деп есептейміз, — деді АҚШ президенті.

Кейінірек АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) тараптардың 2024 жылы қол жеткізілген, халықаралық коалицияның «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қарсы миссиясын аяқтау жөніндегі келісімдерін тағы да растағанын хабарлады. Бұған дейін Иракта болған америкалық әскери қызметшілердің басым бөлігі елден шығып кеткен.

2021 жылы коалицияның жауынгерлік операциялары аяқталғаннан кейін Иракта шамамен 2,5 мың америкалық әскери қызметші қалған болатын. Олар Ирактың қауіпсіздік күштерін даярлаумен айналысып, «Ислам мемлекетіне» қарсы бірлескен операцияларға қатысып келді.

Ирак Үкіметі шетелдік әскери күштердің шығарылуын қару-жараққа қатысты толық мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етумен байланыстырады. Әли әз-Заидидің айтуынша, 30 қыркүйектен кейін билік мемлекеттік құрылымдардан тыс ешқандай қарулы топтың қару сақтауына жол бермейді.

Бұл мәлімдеме, ең алдымен, Иран қолдайтын әрі ресми қауіпсіздік құрылымдарының құрамында немесе олармен қатар әрекет ететін ықпалды қарулы топтарға қатысты.

Сонымен қатар Бағдад пен Вашингтон экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Әли әз-Заидидің АҚШ-қа сапарының басты мақсаты — Ирактың мұнай-газ және электр энергетикасы салаларына америкалық инвестиция тарту.

Ирак Премьер-министрі екі ел арасында экономикалық әріптестік туралы бірқатар келісімдер жасалатынын мәлімдеді. Өз кезегінде Дональд Трамп америкалық компаниялардың Иракта мұнай саласында бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтты.

Әли әз-Заидидің АҚШ-қа сапары 18 шілдеге дейін жалғасады. Ирак билігінің мәліметінше, Ирак, америкалық Chevron компаниясы, TI Capital инвестициялық тобы және Қатардың UCC компаниясы тәулігіне 2 миллион баррельге дейін мұнай тасымалдай алатын құбыр салу туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.

Жоба бойынша мұнай құбыры Басра қаласын Хадита қаласымен байланыстырып, одан әрі Түркия мен Сирия порттарына дейін жеткізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ мұнай экспортында Ормуз бұғазына балама бағытты қолдаған болатын. 

Айта кетелік Иран Ормуз бұғазын ашуға негіз болатын шарттарын ұсынған еді