АҚШ әскері Иран аумағына соққы жасалғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы халықаралық суларда сауда кемелеріне жасалған шабуылдарға жауап ретінде Ирандағы нысандарға ауқымды соққылар жасай бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
Орталық қолбасшылықтың хабарлауынша, АҚШ-тың әскери операциясы Ормуз бұғазы арқылы өткен үш сауда кемесіне жасалған шабуылдарға жауап ретінде жүргізіліп жатыр.
– Иранның бұл әрекеті ешқандай негізсіз, қауіпті болды және атысты тоқтату режимін өрескел бұзды, – делінген X әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеде.
Сейсенбі күні Ормуз бұғазында екі мұнай-газ танкеріне шабуыл жасалды.
Катар Иранды газ тасымалдаушы танкерге шабуыл жасады деп айыптады. Кеме ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылына ұшырап, машина бөлімінде өрт шыққан. Экипаж мүшелері эвакуацияланды. Reuters агенттігінің дереккөздері өрттің жарылыс қаупін тудырғанын хабарлады.
Теңіз қауіпсіздігі саласындағы дереккөздердің мәліметінше, Оман жағалауында Сауд Арабиясының туы астында жүзген тағы бір газ тасымалдаушы танкер зақымданған. Ал Тегеран бұл шабуылдарға қатысы барын мәлімдеген жоқ.
АҚШ пен Иран арасындағы соғыс маусым айында қол жеткізілген уақытша бейбіт келісім аясында тоқтатылған болатын. Бұл келісім түпкілікті мәміле жасау жөніндегі келіссөздерге 60 күн уақыт беруді көздейді.
Өткен аптада Катарда өткен жанама келіссөздер бейбіт реттеу бағытында, соның ішінде Ормуз бұғазы мәселесі бойынша, айтарлықтай нәтиже бермей аяқталды.
АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет ауқымды әскери қимылдарды қайта бастау қаупін айтқан. Соңғы рет ол бұл туралы дүйсенбі күні журналистерге мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи уақытша атысты тоқтату туралы меморандум талаптарына сәйкес, қауіп-қатер сақталған жағдайда түпкілікті келісім жөніндегі келіссөздер басталмайтынын айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ Иран мұнайын сатуға берілген уақытша рұқсатты қайтарып алғанын жаздық.