АҚШ экономикасы соңғы екі жылдағы ең жоғары өсімді көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ Сауда министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында ел экономикасының өсімі 4,3 пайызды құрады. Бұл алдыңғы тоқсандағы 3,8 пайыздық көрсеткіштен жоғары және соңғы екі жылдағы ең жоғары өсім болып отыр, деп хабарлайды ВВС.

и
Фото: Anadolu Ajansı.

Есепте көрсетілгендей, еңбек нарығындағы өсімнің баяулауы мен инфляцияға қатысты алаңдаушылықтарға қарамастан, тұтынушылық шығындар жылдық есепте 3,5 пайызға артқан. Алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болған.

2025 жылы АҚШ экономикасы сауда және көші-қон саясатына енгізілген түбегейлі өзгерістер, сондай-ақ бюджет шығындарының қысқаруы салдарынан елеулі қысымға тап болды. Бұл өзгерістерді ел президенті Дональд Трамп бастағаны белгілі. Соған қарамастан, импорт пен экспорт сияқты жекелеген салаларда күрт ауытқулар байқалғанымен, жалпы алғанда экономика болжамдарға қарсы тұрақтылығын сақтап қалды.

Жарияланған деректер сарапшылар күткен шамамен 3,2 пайыздық жылдық өсімнен едәуір жоғары шықты. Талдаушылардың пікірінше, үшінші тоқсандағы тұтынушылық шығындардың артуы, ең алдымен, медициналық қызметтерге жұмсалатын шығындардың көбеюімен байланысты.

Импорт көлемі АҚШ-қа жеткізілетін тауарларға салынған кедендік баж салығының әсерінен төмендеуін жалғастырды. Ал бұған дейін күрт қысқарған экспорт керісінше қалпына келіп, 7,4 пайызға өсті. Мемлекеттік шығындар да қорғаныс саласына бөлінген қаржы есебінен артқан.

Бұл өсім инвестициялардың, соның ішінде зияткерлік меншікке салынатын инвестициялардың төмендеуін және тұрғын үй нарығындағы қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік берді. Дегенмен тұрғын үй секторы әлі де жоғары пайыздық мөлшерлемелердің қысымын сезініп отыр. Бұл жағдай баспанаға қолжетімділікті төмендетіп, ұсыныстың тапшылығын күшейткен.

Oxford Economics компаниясының АҚШ бойынша бас экономисі Майкл Пирстің айтуынша, ел экономикасы 2026 жылға жақсы дайындықпен кіріп отыр, себебі салықтардың төмендеуі мен АҚШ орталық банкінің пайыздық мөлшерлемелерді азайту жөніндегі соңғы шешімдерінің әсері сезіле бастаған.

– Негізгі көрсеткіштер тұрақты өсімді аңғартады, – деді ол.

Сонымен бірге сарапшылар кейбір отбасылар бетпе-бет келіп отырған бағаның өсуі соңғы тоқсанда байқалған жоғары өсім қарқынын сақтауды қиындатуы мүмкін екенін ескертеді.

Шілде мен қыркүйек аралығында АҚШ Федералдық резерв жүйесі үшін негізгі инфляциялық индикатор саналатын тұтыну тауарлары мен қызметтері бағасының индексі 2,8 пайызға өсті. Алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш 2,1 пайыз болған.

Мамандар бағаның өсуі табысы төмен және орташа отбасыларға қысым жасап отырғанын, ал табысы жоғары отбасылардың әлі де белсенді шығынданып жатқанын атап өтеді.

Pantheon Macroeconomics компаниясының аға экономисі Оливер Алленнің айтуынша, соңғы сауалнамалар мен несие карталары бойынша деректер америкалық отбасылардың шығындарын қысқарта бастағанын көрсетеді.

– Әлсіз еңбек нарығы, нақты табыстың тоқырауы және пандемия кезінде жинақталған қаражаттың жұмсалуы ақырындап отбасылық бюджетке әсер етіп жатыр, – деді ол.

Басқа да соңғы деректер еңбек нарығының әлсірей бастағанын көрсетеді. Бұл жағдай АҚШ Федералдық резерв жүйесін қатарынан үш рет пайыздық мөлшерлемені төмендетуге итермеледі.

Сонымен қатар AFP агенттігінің хабарлауынша, OpenAI, Google және өзге де технологиялық алпауыттар тарапынан жасанды интеллектке салынған инвестициялар қарқын алып, АҚШ қор нарығын рекордтық деңгейге жақын ұстап тұр.

18 желтоқсанда жарияланған S&P Global Ratings болжамында жасанды интеллектке бағытталған инвестициялар экономиканы қолдауы мүмкін екені айтылғанымен, бұл әсер президент Трамптың саяси бағытына байланысты белгісіздікпен әлсіреуі ықтимал екені ескертілген.

– 2026 жылы АҚШ-та заңмен бекітілген тарифтік мөлшерлемелер айтарлықтай өзгермеуі мүмкін. Алайда заңдар, ережелер, инвестициялық нормалар, әскери іс-қимылдар мен жалпы геосаяси ахуалға қатысты белгісіздік жоғары деңгейде қала береді. Бұл факторлар инвестициялар мен тұтынушылық шығындарды тежейді, – деп хабарлады агенттік.

Айта кетейік, Mercedes-Benz АҚШ-тағы шығарындылар дауын шешу үшін 150 млн доллар төлейді.

Соңғы жаңалықтар