АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 4%-ға көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені 0,25 пайыз көтеріп, 3,75-4% деңгейіне жеткізді. Мөлшерлеме 2023 жылдан бері алғаш рет көтеріліп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
ФРЖ төрағасы Кевин Уорш инфляция деңгейінің жоғары болуы мөлшерлеменің көтерілуіне себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, инфляция көп уақыт бойы межеден жоғары деңгейде қалып отыр. Соған қарамастан, реттеуші орган басшылығы АҚШ экономикасының алдағы кезеңде тұрақты дамитынына сенім білдірді.
АҚШ президенті Дональд Трамп пайыздық мөлшерлемені төмендетуді қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, АҚШ-тың қарыздарын өтеу қабілеті сенімді болғандықтан, пайыздық мөлшерлеме 1% немесе одан төмен болуы керек.
Орталық банктер инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеруді негізгі құрал ретінде қолданады. Мөлшерлеме өскенде несие қымбаттап, халықтың тұтыну шығыны мен инвестиция көлемі азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде бағаның өсу қарқынын бәсеңдетуге ықпал етеді.
Бағаның өзгеруіне энергия ресурстары құнының өсуі де әсер етеді. BBC мәліметінше, АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыстан әлемдік мұнай бағасы күрт өсіп, соның салдарынан автокөлік отыны мен басқа да тауарлар мен қызметтердің құны артқан.
Қарашада өтетін АҚШ Конгресс сайлауында халықтың күнделікті шығындары да өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұған дейін АҚШ Федералдық резерв жүйесі шілдедегі отырыстың қорытындысы бойынша федералды қорлар мөлшерлемесінің нысаналы диапазонын 3,5–3,75% деңгейінде сақтап қалған еді.
Сондай-ақ АҚШ-тың базалық мөлшерлемесі әлем экономикасына қалай әсер ететіні жөнінде жазғанбыз.
Ақзат Жиеналина