АҚШ Иранға оныншы күн қатарынан соққы жасап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қарулы күштері Иранға қарсы ауқымды әскери операциясын оныншы күн қатарынан жалғастырып жатыр. АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы жаңа соққылар легі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
CENTCOM таратқан ақпаратқа сәйкес, шабуылдар 20 шілде күні Солтүстік Американың шығыс жағалауы уақытымен сағат 16:00-де (Орталық Еуропа уақытымен 22:00) басталған. Бұл жолы нақты қандай нысандарға соққы жасалғаны айтылмады.
Today at 4 p.m. ET, U.S. forces began a new round of strikes against Iran at the Commander in Chief's direction. The strikes are designed to further degrade Iranian military capabilities used to attack commercial shipping in the Strait of Hormuz.
— U.S. Central Command (@CENTCOM) July 20, 2026
АҚШ әскері мәлімдемесінде бұл операциялардың мақсаты – Иранның Ормуз бұғазындағы азаматтық кеме қатынасына шабуыл жасау үшін пайдаланылатын әскери әлеуетін одан әрі әлсірету екені көрсетілген.
АҚШ сарбаздарының қазасына берілген жауап – Трамп
21 шілдеге қараған түні жасалған жаңа шабуылдардың алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға америкалық әскери қызметкерлердің жаңа шығындары үшін «бірнеше есе жауап беретінін» ескертті.
– Иран әрбір америкалық сарбазды өлтірген сайын, оған бірнеше есе ауыр жауап қайтарылады, – деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол бұл жөніндегі тапсырма қорғаныс министрі Пит Хегсетке жеткізілгенін атап өтті.
Бұған дейін футболдан әлем чемпионатының финалынан кейін Вашингтонға қайтып келе жатқанда Трамп жаңа шабуылдарды АҚШ әскери қызметкерлерінің қазасына жауап деп атаған.
– Бүгін түнде біз оларға өте ауыр соққы жасадық. Мұны қаза тапқан сарбаздардың құрметіне арнадық, – деді АҚШ президенті.
Таяу Шығыстағы жаңа шиеленіс басталғалы бері CENTCOM үш америкалық әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады. Осылайша, ақпан айының соңында Иранмен соғыс басталғалы бері қаза тапқан АҚШ әскери қызметкерлерінің саны 17-ге жетті.
Ормуз бұғазындағы қозғалыс баяулады
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) 20 шілдеге қараған түні Ормуз бұғазы маңында бұғазға заңсыз кіруге немесе одан оңтүстік бағыт арқылы шығуға әрекеттенген екі мұнай танкерін ұстағанын мәлімдеді.
Иранның Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, танкерлер жарылған.
АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірестің күшеюіне байланысты өткен демалыс күндері Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы тағы да азайды. Лондон қор биржасының мәліметіне сәйкес, 19 шілдеде бұғаздан төрт кеме, ал 18 шілдеде сегіз кеме өткен.
Айта кетейік, кеше АҚШ Иранның Хормозган провинциясындағы Хаджиабад қаласына соққы жасады.