АҚШ-қа экспортталатын қазақстандық өнімнің 95%-ы жаңа баждарға жатпайды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әкімшілігі енгізген жаңа кедендік баждардың Қазақстан экспортына әсері шектеулі болады. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ-тың жаңа баждары Қазақстаннан экспортталатын өнімдердің шамамен 5%-ына ғана қатысты. Ал экспорттың басым бөлігі – 95%-ы бұл шектеулерге кірмейді.
– Бүгінгі таңда біз ресми баспасөз хабарламасында айтқанымыздай, баждар әсер еткен экспорт көлемі жалпы өнімнің шамамен 5%-ын құрайды. АҚШ әкімшілігі енгізген баж мөлшері 12,5%. Физикалық көлем бойынша нақты көрсеткіш тауар позициясына байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен, жалпы алғанда, АҚШ-қа бағытталатын өнімдердің 95%-ы бұл баждарға жатпайды. Шамамен 5%-ы ғана қамтылады, – деді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, Қазақстан тарапы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажетті жағдайда тиісті шаралар қабылдайды.
– Біз үнемі келіссөздер жүргізу процесіндеміз, жағдайды бақылап отырамыз. Қажет болған жағдайда дипломатиялық арналар арқылы да, АҚШ Сауда өкілдігімен өзара іс-қимыл аясында да бұл мәселені бақылауда ұстаймыз, – деді министр.
Айта кетейік, Сауда министрлігі АҚШ-тың қосымша кедендік баж енгізуіне қатысты түсінік берді.