АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үдерісіне үлесін жоғары бағалады

Е.Ыдырысов Дж.Керриді ресми түрде АҚШ Мемлекеттік хатшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, оның бұл тағайындалуы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі белсендендіре түседі деген сенімін жеткізді.
Американдық сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізе отырып, Қазақстан бұл елдің әлеуметтік және экономикалық қайта жандануына ықпал жасап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Дж.Керри Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің кезекті раундын Алматы қаласында өткізуге келісім бергені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Сондай-ақ, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және ғаламдық таратпау тәртібін нығайтуды берік ұстанып келе жатқан Қазақстан осы тәрізді келіссөздерді өткізуге лайықты орын екенін ерекше атап өтті.
Өз тарапынан Е.Ыдырысов алға жоспарланған Иран мен халықаралық келісушілер «алтылығы» кездесуін қазақстандық тарап үмітпен күтіп отырғандығын және тараптар біздің өңір мен барлық әлем игілігі үшін сындарлы шешімге келеді деген сенімін білдірді.
Әңгіме барысында қазақстандық дипломат «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі қағидалары туралы айта отырып, Елбасының алға қойған ауқымды тапсырмаларын шешу үшін тек қана ішкі күш-жігер емес, сонымен қатар АҚШ секілді ірі халықаралық әріптестеріміздің ықпалдастығы қажет екенін атады. Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрі екіжақты стратегиялық әріптестік барлық бағыттар бойынша, соның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, энергетикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастық, демократияны дамыту және жаңа қауіптермен күресу бағыттары бойынша да нығайып және тереңдей түсетініне үміт артты.
Сонымен қоса, тараптар ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстанда өтетін Ауғанстан жөніндегі Ыстамбұл үдерісі мүше-мемлекеттерінің министрлік кездесуіне дайындық мәселелерін талқылады. Е.Ыдырысов Дж.Керриді ресми сапармен Қазақстанға келуге және аталған конференцияға қатысуға шақырды.