Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі, доктор Керри-Энн Джонс Қазақстанға келді

АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Бүгін Алматыдағы Орталық Азия бойынша Аймақтық экологиялық орталығына ресми сапармен Халықаралық экология, мұхиттар және ғылыми істер сұрақтары бойынша АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі, доктор Керри-Энн Джонс келді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі,   доктор Керри-Энн Джонс  Қазақстанға келді

Оның бұл сапары Президент Барак Обаманың мұсылманы басым елдермен ғылыми дипломатияны дамыту арқылы тығыз байланыс орнату мақсатын жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл сапар Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері екі ел арасында қалыптасқан ұзақмерзімді әріптестікке маңыз беру үшін жасалып отыр.

«Бұл менің Қазақстан еліне бірінші сапарым. Мен мұнда қоршаған орта және ғылым мәселелері мен зерттеулері жөнінде әңгімелескім келеді. Ғылым мен технология мәселелері екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды саласы болып табылады. Өткен, 2010 жылы сәуір айында АҚШ пен Қазақстан ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық келісім-шартына қол қойған болатын. Менің сапарым осы салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде кеңесу болып табылады. Қазір мен осы салалардағы ұйымдардың өздерінде қандай өзгеріс бар екенін зерттеудемін. Ортақ мазмұнды істерде қарайтын көп мәселелер бар. Ол, әрине, экология, қоршаған орта, ғылым мәселелері. Бұл тарапта экология және денсаулық сақтау саласында аймақтық мәселелерді шешуге ат салысып жүрген ұйымдардың бірі Орталық Азия Экологиялық орталығының рөлі үлкен. АҚШ осы сынды ұйымдармен әріптестікте болғандығына қуанышты», -деді доктор Керри Джонс.

Сапар барысында Джонс ханым үкімет өкілдерімен, ғалымдармен, академиктермен және студенттермен кездесіп, биотехнология, қалпына келетін энергетика, денсаулық сақтау, табиғатты қорғау және ғылымды оқыту салаларында екіжақты әріптестікті дамытудың жолдарын талқылайды. Астана қаласында сапары барысында доктор Джонс Назарбаев университетінде болып, Қазақстанның білім саласындағы жаңа жоспарларымен танысып, университеттің АҚШ-тың басты білім ордаларымен әріптестігін пысықтайды. Ол, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуында ғылымның алар рөлін анықтау үшін әрі елдің инновация жөніндегі аймақтық көшбасшы болуға деген ұмтылысын талқылау үшін Білім және ғылым министрлігінің және Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ресми өкілдерімен жүздеспек.

Ал, Алматыда Джонс ханым Ғылым академиясының президентімен кездеседі, содан соң экология және денсаулық сақтау саласында аймақтық мәселелерді шешуге ат салысып жүрген ұйымдар - Орталық Азия Экологиялық орталығында (CAREC) және Аралды құтқару халықаралық қорында (IFAS) басқосу өткізеді. Бұдан соң мейман Ташкентке сапарын жалғастырмақ.