АҚШ өкілі Қазақстанның Ауғанстан еліне жасаған экономикалық көмегі мен білім беру бағдарламасы үшін алғыс айтты

АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкстан елдері жөніндегі арнайы өкілі Марк Гроссманды қабылдады.

АҚШ өкілі Қазақстанның Ауғанстан еліне жасаған экономикалық көмегі мен білім беру бағдарламасы үшін алғыс айтты

Кездесу барысында министр Е.Қазыханов Қазақстан мен АҚШ арасындағы жиі өткізілетін саяси консультациялардың қазақстандық-американдық әріптестіктің одан сайын нығаюын аңғартатынын атап өтті. Өз кезегінде АҚШ өкілі М. Гроссман да Қазақстан мен АҚШ арасындағы кең ауқымды ынтымақтастық бағдарламаларына қанағаттанарлық білдіретінін мәлімдеді. Бұл ретте мейман екі елдің арасындағы әріптестікке Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 2010 жылғы АҚШ-қа сапары және Елбасының АҚШ басшысы Барак Обамамен келіссөздер жүргізуі, сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның ЕҚЫҰ саммитіне қатысқаны тың серпін бергенін атап өтті.

Жүздесу барысында министр мен арнайы өкіл Ауғанстанның ағымдағы жағдайын да талқылады. Бұл ретте министр Е. Қазыханов Қазақстанның ауған үкіметі мен халықаралық қауымдастық тарапынан елдегі басқарушылықтың жауапкершілігін, есірткімен күресті, заңды ауыл шаруашылығын дамытуға жәрдемдесу шараларын қолдайтынын атап өтті. Ал АҚШ өкілі Қазақстан тарапына Ауғанстандағы тұрақтандыру жөніндегі халықаралық шараны қолдағаны үшін, әсіресе осы елге экономикалық жәрдем беріп, білім беру бағдарламасын жүзеге асырғаны үшін алғысын жеткізді.