АҚШ Ормуз бұғазында кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін коалиция құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл бастама кеме қозғалысының күрт төмендеуі аясында оны қалпына келтіруге бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

США предлагают создать коалицию для обеспечения судоходства в Ормузском проливе
Фото: CENTCOM

Трамп әкімшілігі басқа елдерді Ормуз бұғазында кеме қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жаңа халықаралық коалицияға қосылуға шақырып отыр. Бұл туралы сәрсенбіде АҚШ Мемлекеттік департаментінің ішкі телеграммасына сілтеме жасай отырып The Wall Street Journal газеті хабарлады.

Құжатқа сәйкес, «Теңіздегі еркіндікті қамтамасыз ету коалициясы» (Maritime Freedom Construct) деп аталатын бастама ақпарат алмасу, дипломатиялық үйлестіру және кемелердің стратегиялық су жолы арқылы еркін өтуін қалпына келтіру үшін санкцияларды қолдануды көздейді.

АҚШ елшіліктеріне жіберілген жеделхатта дипломаттарға шетел мемлекеттерін коалиция шеңберінде «дипломатиялық және/немесе әскери серіктестер» ретінде әрекет етуге көндіру тапсырылған.

- Сіздің қатысуыңыз біздің кеме қатынасы еркіндігін қалпына келтіру және жаһандық экономиканы қорғау бойынша ұжымдық мүмкіндігімізді нығайтады, - делінген құжатта.

Атап өтілгендей, коалицияны АҚШ Мемлекеттік департаменті мен АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығы бірлесіп жүзеге асырып,Ұлыбритания мен Францияның бастамаларын қоса алғанда, қолданыстағы теңіз бастамаларын толықтырады.

Бұл бастама бұрын әлемдегі мұнай мен газдың бестен бір бөлігін қамтамасыз еткен Ормуз бұғазы арқылы трафиктің азаюы аясында ұсынылған.

АҚШ пен Израильдің 28 ақпанда Иранға қарсы әскери науқаны басталып, кейіннен Тегеран блокада жасағаннан бері бұл аймақта кеме қатынасы іс жүзінде тоқтатылды.

Осыған дейін Трампқа Иранға қарсы әскери әрекеттердің жаңа нұсқалары ұсынылатынын хабарладық.