АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жаңа кезеңге өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеранның күн сайын келісімге жақындап келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
АҚШ президенті Дональд Трамп келісім жобасы дайын екенін және тараптардың оған қол қоюға «әлдеқайда жақындай түскенін» растады.
CBS News телеарнасына берген сұхбатында Трамп келісім мәтіні әзірленгенін және келіссөздерде ілгерілеу бар екенін айтты.
Алайда ол телеарна дереккөздеріне сілтеме жасап таратқан, келісім шарттарында Ормуз бұғазын ашу, шетел банктеріндегі Иран активтерін бұғаттан шығару және келіссөздерді тағы 30 күнге ұзарту қарастырылғаны туралы ақпаратты растаудан бас тартты.
Трамп бұл сұраққа жауап ретінде тек құжат мәтіні «күн сайын жақсарып келе жатқанын» айтты.
Бұған дейін Тегеран соғысты тоқтату және ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер аясындағы АҚШ-тың негізгі талаптарының біріне қатысты ұстанымын қатаңдатқаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Иран Трамптың қоқан-лоқысына қарамастан АҚШ-пен келіссөзді жалғастыратынын мәлімдеген еді.